389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев Атырау облысындағы аты шулы перинаталдық орталыққа барды

  • 170
  • UPD: 19:53, 11.10.2019

Атырау облысының перинаталдық орталығында соңғы 2 айда дүниеге келген балалардың 42-сі шетінеп кеткен.

Аймаққа жұмыс сапарымен барған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев осы медициналық мекеменің жұмысымен танысып, қызметкерлерден есеп алды.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің Атырау облысына жұмыс сапары өңірдегі аты шулы перинаталдық орталықтан басталды. Естеріңізде болса, аталған мекемеде соңғы кезде бала өлімі жиі тіркелген.

Тамыз айында облыстық перинаталдық орталықта орын алған теріс динамика көпшіліктің жағасын ұстатқаны рас. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне мән-жайды анықтау бойынша тікелей тапсырма берген болатын. Ведомство басшысы Елжан Біртанов орталық дәрігерлеріне қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары тек заң шеңберінде жүргізілетінін айтты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бала өлімінің себептерін шет жақтан зерттеп, анықтап, осы мәселеге алып келген себептерді анықтап, қажетті күрделі нақты шараларды қабылдау. Осы облыстық перинаталдық орталықтың 30-дан астам дәрігері жұмыстан шығу бойынша ұсыныстарын берді. Барлық іс заңды түрде болуы қажет. Ол заңды түрде болады деп сенемін.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев орталықтағы статистиканың көңіл көншітпейтінін айтып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваны сұрақ астына алды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Осы орталықта өткен 9 айдың ішінде 99 бала қайтыс болған. Ол – осы орталықта туған балалардың 14 пайызы.

Мәншүк Аймұрзиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бала өліміне қатысты жұмыстар үнемі күн тәртібінен түспейді. Нәтижесі не себептен екенін ай сайын қарап отырмыз. Бірақ кейбір айларда жақсарған жағдайлар болды.

Басқарма басшысының айтуынша, жергілікті денсаулық сақтау саласына жеткілікті қаражат бөлініп жатыр. Бүгінгі күні орталықта 434 қызметкер бар. Оның 62-сі – дәрігер. Орталықта ана мен бала үшін қажетті барлық бөлімдер мен залдар қарастырылған. Бірақ кейбір мамандар бойынша тапшылықтың бар екенін жасырмады басқарма басшысы.

Мәншүк Аймұрзиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Мамандар жеткілікті деп айтуымызға болады. Бірақ әлі күнге дейін неанотолог пен реаниматологтар жетіспейді. Жалпы жағдай жаман емес. Реанимацияда 6 дәрігер жұмыс істейді. 8/16 сағатпен графикпен жұмыс істеу керек.

Бердібек Сапарбаев орталық дәрігерлеріне жұмысына адал болып, азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау міндетін бірінші орынға қою керектігін қадап айтты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Сіздер өздеріңіздің міндеттеріңізді атқаруларыңыз керек. Ешнәрсеге сіздер уайымдамауларыңыз керек. Ант қабылдайсыздар. Адамдардың өміріне байланысты. Қалай осы уақытқа дейін жұмыс істедіңіздер солай жалғастыру керек. Заңға сәйкес ақ-қарасына жету керек. Бұл қылмыс заңға сәйкес жүргізіледі.

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректерінше, бұл орталықта тәулігіне 25-35 бала дүниеге келеді. Күніне дәрігерлер 8-12 операция жасайды.

Жыл басынан өңірде 12 403 бала туып, туу көрсеткіші соңғы 2 жылда 500 балаға артты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы