387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай мен Челябі облыстары арасындағы іскерлік байланыс нығая түседі

  • 165
  • UPD: 20:59, 16.10.2019

Шекаралас аймақтардың іскерлері әртіптестікті нығайтуға қатысты маңызды меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде өнеркәсіп өндірісі, білім, мәдениет және спорт саласындағы тиімді келісімдер бар.

Қостанай мен Челябі облыстары арасындағы іскерлік байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Биылғы 9 айдың ішінде шекаралас облыспен сауда-саттық 820 млн АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17%-ке артық.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Қос облыстың шекарасында логистикалық орталық орналасқан. Қостанайлық автомобиль зауыты сонда көліктерді сақтау, қосалқы бөлшектерді жеткізу тұрғысында келісімдерге қол қойды. Тұрғын үй секторын бірлесіп дамытуға ниеттіміз. Мәселен, Челябіде мұнаралы крандар шығаратын зауыт бар. Соларды біздің нарыққа тарту негізгі мақсаттарымыздың бірі саналады.

Челябі облысының жалпы тауар айналымының төрттен бірі Қазақстанға тиесілі. Жылдық айналым 1 млрд 800 млн АҚШ долларына тең. Соның едәуір бөлігі металлургия саласы.

Арман Сәбиғанов, «ССКӨБ» вице-президенті:

- Магнитогорск металлургиялық комбинатына жыл сайын 12 млн тонна темір кені және жентектерін жеткіземіз. Әрине, көлемді арттыруға екі жақ та мүдделі. Сол себепті бүгінгі келісім екіжақты әріптестікті одан бетер дамыта түсетініне сенімдіміз.

Кездесу аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм бағыттарында ынтымақтастықты нығайту көздейтін келісімдер бекітілді.

Алексей Текслер, Челябі облысының губернаторы (РФ):

- Біздің облыста да өңдеуші өнеркәсіп, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, көлік құрастыру секторларын дамыту жолға қойылған. Осы бағытта тәжірибе алмасып, тиімді жобаларды іске асыруға дайынбыз.

Ал бүгінгі бизнес-форумда ресейлік тарап инновациялық, жоғары бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленетін тиімді ұсыныстарын жеткізді.

Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы