389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордадағы көп салалы ауруханада МРТ аппараты істемей тұр

  • 203
  • UPD: 21:47, 18.10.2019

Қызылордағы облыстық көп салалы ауруханада магнитті резонансты және компьютерлік томографияға арналған аппараттар бар. Бірақ қыруар қаржыға алынған бұл дүниелер жұмыс істемейді. Соның кесірінен науқастар диагнозын анықтау үшін кезек күтіп, өзге клиникаларды жағалап жүр. Мәселе қашан шешімін табады? Дәрігерлер не дейді? 

Зәмзәгүл Сандыбекованың анасы тек 5 күннен кейін ғана компиютерлік томография аппаратына түсті. Онда да облыстық ауруханада емес, диагностикалық орталықтың қызметін пайдаланып отыр. Инсультке шалдыққан кейуананың бір қол, бір аяғы жансызданып қалыпты.   

Зәмзәгүл Сандыбекова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Давление көтеріледі, уколын салады, түсіріп жатыр, қарап жатыр ғой врачтар, бірақ басының қай жерінен екенін білмейді. ОМЦ-ның өзінде болса, сол күні түсіріп, сол күні бес күннен бері емдейді ғой. 

Томографияға телміргендердің ұзын-сонар кезегіне де төзуге болар еді, бірақ өмірі қыл үстінде тұрған кей науқастарды тасымалдау аса қауіпті. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Облыстық диагностикалық орталықта компьютерлік томография кабинетіне кемінде бір апта бұрын кезекке жазылу керек. Сонда ғана диагнозды дәл анықтайтын аппараттың игілігін көре аласыз. Мамандардың айтуынша бұл жерде күніне 6-7 адамға ғана қызмет көрсетіледі екен.Одан артық жүктеме болса, қымбат құрылғы істен шығуы мүмкін.  

Облыстық көп салалы аурухана дәрігерлері науқастарды диагностикалау үшін басқа клиникаларға жіберуге мәжбүр екенін жасырмады.  

Ләззат Қырымова, облыстық көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бүгінгі күні облыстық көпбейінді ауруханада компьютерлік томография құрылғысы жұмыс істемейді. Осыған байланысты біз облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы жəне қалалық ауруханадағы осындай құрылғылардың қызметін уақытша пайдалану мақсатында арнайы келісім жасағанбыз. Келесі аптада біздің мекемедегі жабдық жөндеу жұмыстарынан кейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар мемлекеттік жеке меншік əріптестік аясында сатып алынған тағы бір компьютерлік томография аппараты қараша айының ортасына таяу іске қосылатын болады.  

Бұл ауруханадағы магнитті резонасты томография аппараты да соңғы 5 жылдан бері іске аспай тұр екен. Ал оны жөндеу құны жаңасын сатып алғанмен бірдей екен. Сондықтан бұл мəселені де мамандар 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында мемлекеттік жекеменшік əріптестік негізінде шешуге ниетті.

Хабар 24 телеарнасы