384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында полицейлер адам өміріне араша түсті

  • 137
  • UPD: 20:30, 30.10.2019

Қостанай облысының Бейімбет Майлин атындағы ауданда полицейлер өртенген үйге қаймықпай кіріп, адам өмірін арашалап қалды. Қызметтік көлікпен кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары отты байқап қалған. Сөйтіп, ойланбастан көмекке ұмтылған. 

Жол-патрульдік полициясының аға сержанттары Нұрболат Тілеубергенов пен Руслан Мұқанов сол күні әдеттегідей кезекшілікке шыққан. Белгіленген бағыт бойынша Тобыл кентіндегі көшелердің бірімен келе жатып өртеніп жатқан үйді байқайды.

Руслан Мұқанов, полиция қызметкері:

- Терезені сындырып, ішке кірдік. Іштен ес-түссіз жатқан ер адамды тауып алдық. Оны екеулеп көтеріп сыртқа алып шықтық. 

Ер адамды алып шыққасын санаулы минуттардан  соң үйдің төбесі құлаған. Ажалдан аман қалған Иван Тихоходтың інісі. Ол зардап шекпеген. Отбасылары жоқ ағайынды кісілер осы үйде бірге тұрған.

Иван Тихоход, Тобыл кентінің тұрғыны:

- Мен өз өмірлерін қатерге тігіп, інімді құтқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне шексіз ризамын. Сол күні мен үйде болған жоқпын. Бұл кісілер келмегенде інімнің аман қалуы екіталай еді. 

Ел тыныштығын күзету, халықтың сенімінен шығу зор қажыр-қайрат пен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан құқық қорғаушылар арасында уақытпен санасып жұмыс істеу деген түсінік жоқ.

Нұрболат Тілеубергенов, полиция қызметкері:

- Түн ортасында қоңырау шалып, жұмысқа шақыратын кездер де болады дабыл қағылғанда. Сонда тез арада киініп, жылдам жұмысқа кетеміз. Шаршап жатырмын, ұйқым келіп жатыр деген сөздер әрине бізде болмайды. 

Өзгелердің қауіпсіздігі үшін өз басын қатерге тігуді полиция қызметкерлері ерлік деп санамайды. Күнделікті міндетіміз деп қабылдайды. Себебі әрбір азаматты өздері тәрізді үйінде күтіп отырған жақын жандары бар екенін жақсы түсінеді. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы