385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық тәртіп сақшылары екі адамды ажалдан арашалады

  • 663
  • UPD: 21:01, 02.11.2019

Маңғыстаулық тәртіп сақшыларының қатарында ержүрек жігіттер жетерлік. Жуырда Әділбек және Арынғазы есімді құқық қорғаушылар «Ақтау-Форт Шевченко» бағытында көлік басқарып келе жатып, жүрегі қысылған ер адамды құтқарып қалды.

Ал олардың әріптесі Қуаныш болса, көп қабатты үйдің балконынан секірмек болған екі адамның өміріне араша түсті. Күнделікті қызметінде ерлік жасаған бұл полицейлер әріптестеріне үлгі. 

Әділбек Айтжановты құқыққорғау саласында жүргеніне биыл алтыншы жыл. Ол қызметтік серігімен бірге Ақтау - Түпқараған ауданы арасындағы жол қауіпсіздігін бақылайды. Көлікте жүрегі қысылып, есінен танған ер адамды осы трасса бойынан тапқан. Науқасты дереу қызметтік машинаға салып, емханаға бағыт алады. Бірі көлік тізгіндесе, екіншісі сырқат адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. 

Әділбек Айтжанов, ПД ЖПҚ жол-патрульдік қызмет басқармасының инспекторы:

- Көмек керек болған адамды оң жақ қапталына жатқызып, яғни оң иығына жатқызып тілін жұтып қоймауын қадағаладық. 2-3 күннен кейін менің қасымдағы напарнигім Арынғазы деген жігітке зардап шеккен адамның балалары келіп, адамның аман қалғаныны жөнінде айтқан болатын. Батырлыққа санамаймын. Себебі полиция қызметкерінің міндеті - көмек көрсету және жол-көлік оқиғасын болдырмау.

Патрульдік кезекте жүрген инспектор Қуаныш Сансызбаев 11 шағын аудандағы көп қабатты үйдің балконына шығып тұрған ер адамды байқап қалады. Әріптесі Қылыш Ұланбекті  ғимарат шатырына жіберіп, өзі пәтерге дыбыссыз кіреді. Ішкілік күйдегі жігіт өмірін құтқармақ болған полицеймен жағаласа кеткен.

Қуаныш Сансызбаев, ПД ЖПҚ жол-патрульдік қызмет басқармасының кинолог-инспекторы:

- Кабельдерге ілігіп, секірейін деп тұр екен астына қарай. Көрінбей барып, белінен ұстап, үй ішіне қарай тартып алдым. Әрине қарсыласты. Жоқ, мен секіремін. Өмірім осы жерден бітеді деп қарсыласты. Ұстадық, түсіндіріп айттық. Өміріне қастандық келіп тұрғаннан кейін оны құтқару біздің міндетіміз. 

Араға төрт күн салып осыған ұқсас оқиға 7-шағын ауданда қайталанады. Полицейлер бұл жолы жұбайына ерегесіп, биіктен секірмек болған әйелді құтқарып қалды. Бүгінде қырағы тәртіп сақшылары өзіне өзі қол жұмсау дерегі тіркелген мөлтек аудандарды бақылауды күшейткен.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы