377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық диқандар былтырғы рекордтарын қайталады

  • 257
  • UPD: 09:36, 12.11.2019

Түркістан облысының шаруалары былтырғы рекордтарын қайталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Биылғы науқанда олар 2 миллион 800 мың тонна қауын, қарбыз бен көкөніс жинады.

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданы алманың отаны саналады. Мұнда жеміс-жидек алқабының жалпы көлемі 3 мың гектарға жетеді. Жеміс ағаштарының көшеттері Италия, Түркия мен Польшадан әкелінген. Мәселен, мына шаруа қожалығында алма баққа 150 гектар жер бөлінген. Толықтай тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Бұл суды үнемдеп мол өнім алуға мүмкіндік береді. Қазір күзгі алманы жинап алып жатыр. Ағаштың әр түбінен 10 келіге дейін өнім түседі. 

Бақыт Құрманбек, шаруа қожалығының атқарушы директоры:

– «Гала» негізі қызыл реңді. Дәмі өте тәтті. Халықтың сұранысы өте жақсы. Жазғы алма болып есептелінеді. Мұны ішкі нарыққа өткіземіз. Ал қалған күзгі алмаларға арнайы қойма салып жатырмыз. Сол қоймаларда сақтайтын ниет бар.

Кәсіпкер қазір қойма салғызып жатыр. Алайда құрылыс аяқталғанға дейін өнімді ақылы қоймаларда сақтауға мәжбүр. «Бұл қалтаға айтарлықтай салмақ салады», – дейді ол. Өңірде жалпы саны 106 ауыл шаруашылығына арналған қойма болса, оның барлығы жекенің қолында. Дені талапқа сай емес.

Әбдібай Мұстафаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Заманауи қоймаларымыз бар. Олардың көпшілігі Сайрам, Сарыағаш, Бәйдібек ауданында. Жылдан жылға ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі көбейіп келе жатыр. Сондықтан өнімдерді сақтайтын қоймаларға көбірек көңіл бөліну керек.

Аймақта бәрінен де қауын, қарбыз мол жиналды. 1 миллион 300 мың тонна өнім. Көкөніс көлемі де осыған жақындайды. Оның бір бөлігі шетелдерге экспортталған. Тауар негізінен Еуразиялық экономикалық одаққа енген елдерге жіберілді. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов

Хабар 24 телеарнасы