432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында мердігердің сапасыз жұмысы көлік жүргізушілерін әуре-сарсаңға салды

  • 737
  • UPD: 11:47, 15.11.2019

Қостанай облысы әкімдігі 15 шақырым жолды жөндеуге 1 миллиард 900 миллион теңге бөлген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда құрылыс жұмыстары сын көтермейді. Қазына қаржысының орынсыз игерілгенін алға тартқан, мемлекеттік есеп комитеті ендігі жөндеудің де нәтижелі болатынына күмәнмен қарайды.

Үш жыл бойы салынған ұзындығы 15 шақырым Ұзынкөл-Сарыкөл жолы қазір жүруге келмейді. Мердігердің сапасыз жұмысы көлік жүргізушілерін әбден әуре-сарсаңға салды.

Ақылбай Ыбыраев, мемлекеттік басқару және әлеуметтік салаға аудит жүргізу бөлімінің басшысы:

- 2017 жылы басталған жолды 2017, 2018, 2019 жылы да салып жатыр. Бірақ 2017 мен 2018 жылы салған бөлігі сапасыз. Жолда шұңқыр, ортасында асфальттың бетін алып, қайтадан жамап жатыр.

Облыстық маңызы бар жол енді мердігердің есебінен қайта жөндеуден өтеді. Аймақ әкімі орынбасарының айтуынша, жөндеу жұмыстары келер жылдың қазан айында аяқталады. Алайда жолдың геологиялық ерекшеліктерін ескерген комитет басшысы кезекті жөндеуді қатаң сынға алды. 

Наталья Годунова, есеп комитетінің төрайымы:

- Мендегі ақпарат бойынша, ол батпақты жер. Жол төсемесін жасағанда дұрыс технология қолданылмаған. Асфальттың астына тас төселеуі тиіс еді. Сондықтан мердігер жолды қанша жөндесе де, ол көктемде бәрібір шайылып кетеді. Ал оның құрылысына бөлінген 2 миллиард теңге далаға кетті. Осы орайда облыс әкімдігінен бұл мәселені зерттеп, кемшіліктер бойынша есеп комитетіне ақпарат беруді сұраймын.

Соңғы үш жылда облысқа қомақты қаржы құйылған. Тек мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 162 миллиард 400 миллион теңге бөлініпті. Дегенмен нәтижелері көңіл көншітпейді. Әйтеуір бюджет қаражаты игерілген.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы