419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы құс фабрикасы толық қуатта жұмыс істей бастады

  • 759
  • UPD: 14:29, 27.11.2019

Жамбыл облысында жылына 65 миллион дана жұмыртқа шығаратын ірі құс фабрикасы толық қуатта жұмыс істей бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жоба индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған. Кәсіпорын өңір нарығын 100 процент жұмыртқамен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазір кәсіп иелері қуатты еселеп, экспортқа шығу жағын қарастырып жатыр.

Дүрия Балтабаева кәсіпорын іске қосылған күннен бастап осында еңбек етеді. Ол өнімнің сапалы сұрыпталып, жұмыртқа санағының дұрыс жүргізілуіне жауапты маман. Заманауи технологияны өзгелерден бұрын меңгеріп, істі жүйелі жүргізіп отыр.  

Дүрия Балтабаева, жұмысшы:

– Жұмыртқаның 7 түрлі сорты болады. Ең бірінші сорты – элита. Салмағына қарай. Алғашында қолмен жинағанда уақыт жоғалтатынбыз. Сосын мөрді қолмен басатынбыз. Қазір өз салмағымен автоматты түрде мөр басып отырады. Сосын әр жолға бөлініп салынып отырады.

Голландиялық техника өнімді сапасына, көлеміне қарай автоматты түрде сұрыптайды. Мұнда күніне 190 мыңнан астам жұмыртқа жиналады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Бұл жерде 85 мың бас тауық бар. Олардың барлығы бір күндік балапан кезінде Ресейден алып келінген. Осы жерде бағып, өсіргеннен кейін 4 айдан соң алғашқы өнім бере бастады.

Қазір фабрикада жалпы саны 300 мыңнан астам тауық пен тағы 100 мыңға жуық балапан өсіріліп жатыр. Бұл асылтұқымды құстар жылына 330 күн бойы өнім береді. Жиналған жұмыртқаның 40 проценті жергілікті нарыққа, қалған бөлігі Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарына жөнелтіледі. Енді жылдық қуатын 80 миллион данаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.  

Дәулет Үсенұлы, құс фабрикасының директоры:

– Сұраныс өте жоғары. Келесі жылға жоспар, тағы бір тауық қорасын салу керек болып тұр. Одан бөлек, қоспа жем зауыты бар. Сол зауыттың қуаттылығын арттыру ойда бар.

Жамбыл ауданында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында осындай ірі 8 жоба жүзеге асырылған. Қазір газ өңдеу, электр бұйымдарын шығаратын зауыттары сияқты тағы 7 жоба әзірленіп жатыр.

Бауыржан Төлендиев, Жамбыл аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:

– Екінші бес жылдықта 4 жобаның жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайды. Үш жоба толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бір жоба – бір реттік медициналық бұйым шығаратын зауыт өнімі. Тауарларының сертификатын алғаннан кейін осы жыл соңына қарай толық қуатқа енеді деп күтілуде.

Жалпы облыста Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығында құны 48 миллиард теңгеден асатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 1800-ден астам жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы