443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда ҚХА Ақмола бөлімшесінің ХХІІ сессиясы өтті

  • 334
  • UPD: 22:56, 29.11.2019

Көкшетауда Қазақстан халқы  ассамблеясының Ақмоладағы бөлімшесінің ХХІІ сессиясы өтті. «Бірлік пен келісім – қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты жиынға аймақтың барлық аудандарынан бас-аяғы 600-ге жуық азамат қатысса, соның 100-ден астамы ассамблея мүшесі.

Іс-шара Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізіліп отырған соң болар, сессияға жиналғандардан мерекелік көңіл-күй сезіледі. Халық, алдымен өзара емен-жарқын қауышып, барлығы бірге қолөнер көрмесін тамашалады. Ал жиын, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жаңа мүшелерін таныстырумен басталды. Енді оларға да маңызды міндет жүктеледі.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Өңірде 248 қоғамдық келісім кеңесі бар. Олар қоғамдағы түрлі іс-шаралар мен түйткілді мәселелерге белсенді атсалысып келеді. Қоғамдық кеңестер биыл 200-ге жуық шара өткізген. Кеңес мүшелері негізінен халықты толғандыратын сұрақтарды талқылайды

Мұнан соң аймақ басшысы өңірде қоғамдық келісімді нығайтуға белсене атсалысқан жандарды марапаттады. Олардың арасында облыстық Ассамблеяның Тұңғыш Президент күніне орай арнайы ұйымдастырған «Шаңырақ» журналистер байқауының жеңімпаздары да бар.

Венера Талғатқызы, облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі:

- Бірлік тақырыбы мен үшін мәңгілік. Себебі біздің мемлекетіміз көпұлтты мемлекет. Соның ішінде біздің Ақмола облысы ең полиэтникалық аймақ болып саналады. Біздің өлкемізде көптеген ұлттардың өкілдері татулықта, бірлікте өмір сүріп жатыр. 

Светлана Ким, Зеренді аудандық газетінің тілшісі:

- Ассамблеяның әрбір қазақстандықтың өміріндегі рөліне баға беру өте қиын. Себебі еліміздегі 100-ден астам ұлттың өзара достықта өмір сүруі – Ассамблея жұмысының айқын көрінісі. Сондықтан осы бірлікті одан әрі нығайтуға бәріміз атсалысуымыз керек.  

Жалпы Ақмола облысында қазір 50-ге жуық ұлттың этномәдени орталығы бар. Онда әрқайсысы өз тілі мен ділін меңгеріп, мәдениеті мен әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Сессия соңында аймақтық ассамблея мүшелері облыс тұрғындарын өңірде тұрақтылық пен келісімді сақтауға барынша атсалысуға шақырды. Ал жиын мерекелік концертпен аяқталды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы