448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Егемендік жылдары 1 млн 57 мың қазақ елге оралған

  • 262
  • UPD: 22:06, 16.12.2019

Егемендіктің елең-алаңынан-ақ шетелде тұратын қандастарымыз жаппай отанына орала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сол уақыттан бері 1 миллион 57 мың қандасымыз елге қоныс аударыпты. 

Солардың бірі Жаңаберген Мұхамедұлы 1991 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген. Қазір тәуелсіз қазақ елінің өсіп өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр.

Тәуелсіздіктің таңы атқан күні-ақ тарихи отанына оралған Жаңаберген Мұхамедұлы ерен еңбегі мен еліне деген сүйіспеншілігінің арқасында елеулі жандардың қатарына қосылды. Алматы облысының шұрайлы жеріне қоныс тепкен қандасымыз қазір Түрген ауылында түтінін түтетіп отыр. Кәсібін жеміс-жидек өсіруден бастаған ақсақал әр түрлі салада еңбек етіп, көптеген марапатқа ие болды. Бұл жетістігімнің барлығы тәуелсіздіктің жемісі дейді.

Жаңаберген Мұхамедұлы, қоғам белсендісі:

– Тәуелсіздік бұл қазақтың өмір бақи ғасырлар бойы аңсаған арманын берді. Бұл тәуелсіздік қазаққа еркіндік берді. Бұл тәуелсіздік шетте жүрген отанына, бір уыс топыраққа жете алмай жүрген қазаққа мүмкіндік берді. Соның арқасында шетелде жүрген миллионнан асқан қазақ отанына оралып, қазір мықты ұлт екенін сезініп өмір сүріп жатыр.

Жаңаберген ақсақал зейнет жасында болса да қоғамдық істерге де белсене атсалсып жүр. 2006 жылы жерлестерімен бірлесіп, «Елім-ай» қоғамдық қорын ашқан. Мақсатымыз – сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу болу дейді. 

Жаңаберген Мұхамедұлы, қоғам белсендісі:

– Әр батамда Алла қазақты тәуелсіздігінен айырмаса деп бата жасаймын. Әр батамда мен бес уақытымдағы намазымның ішінде соны қосамын. Елдің алдында да бата бергенде де тәуелсіздігіміз мәңгі болсын деймін!

75 жастағы Жаңаберген Мұхамедұлы жұбайы Қыздаргүлмен бірге 4 ұл 2 қызды тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда немере шөберелерін қызықтап жүрген ақсақалдың ендігі арманы – мектеп салу. Өйткені болашақ білімді жастардың қолында дейді. 

Сырымбек Төлеуұлы, дүниежүзі қазақтар қауымдастығы баспасөз қызметінің басшысы:

– Шетелден келетін қандастарымызды көшіру алу туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келетін болса 88 мың теңге көлемінде әрбір адамға ақша төлейді. Сосын бір жыл бойы тұратын пәтер ақысын төлеп береді. 

Қазір шет елде тұрып жатқан 5 млн-ға жуық қандасымыздың көбі елге оралғысы келеді. Мамандар дерегіне сүйенсек, осы жылы 10 мыңнан астам этникалық қазақ елге оралған. Олардың басым көпшілігі Ақмола мен Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларына қоныстанған. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы