430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президенттік жастар кадр резервіне 300 қазақстандық өтті

  • 1176
  • UPD: 15:09, 25.12.2019
Президенттік жастар кадр резервіне 300 қазақстандық өтті

Елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне енген қызметкерлердің тізімі жарияланды.

Финалға 13 мыңнан астам адам өтінім берген. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша, 300 үміткер Президенттік жастар кадр резервіне алынды.

«Резервшілер тізіміне жеке сектордан 102 өкіл, квазимемлекеттік сектордан 98 қызметкер және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Үміткерлердің 57%-ының алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 43%-ы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері», - деді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өткен қатысушылардың толық тізімі Pkrezerv.kz сайтында жарияланды

Резервшілердің бір бөлігі қысқа мерзімді курстардан немесе қажетті құзыреттер мен дағдыларды арттыру үшін, оның ішінде Мемлекеттік басқару академиясының базасында ұзақ мерзімді оқудан өтеді. 2020 жылдың бірінші тоқсанында резервшілер үшін құзыреттерді дамытудың жеке жоспары жасалады. 

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бұл жобаның кейін де жалғасатынын айтып өтті.

«Президенттік жастар кадрлық резерві – бір күндік бастама емес. Мұны еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақ мерзімді саясат деп қарастырған жөн. Әзірге 300 адам таңдап алынды. Олар жауапты қызметтерге тағайындалады. Бұл жоба кейін де жалғасады. Басқа да жастар кадрлық резервке енеді. Президент бұл жұмысты жалғастыру туралы нақты тапсырма берді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, президенттік жастар кадр резервіне іріктеу биыл қыркүйек айында басталды.

Хабар 24 телеарнасы