376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадан Алматыға баруға ниет білдіргендерге арнайы ұшақ бөлінбек

  • 119
  • UPD: 19:35, 27.12.2019

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда да штаб құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Алматыдан шығып, апатқа ұшыраған Фоккер 100 ұшағында қаза болғандар мен жарақат алғандардың туыстары мен жақындарына ақпараттар беріледі. Қазірге дейін онда жиырмадан аса адам жүгінген. Қалғандарына Алматыға аттану үшін арнайы ұшақ бөлінетіні жеткізілді.

Штаб елордадағы халықаралық әуежайдың ВИП күту залында орналасқан. Онда 5 жедел жәрдем бригадасы мен 20 психолог қызмет көрсетіп жатыр. Жақындарының аман-саулығын тілеп, білуге келгендердің көңілі алаң. Бұл түсінікті де.

Әуежай өкілдері штабқа келгендер арасында Алматыға баруға ниет білдіргендерге арнайы ұшақ бөлмек.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Дана Круглова есімді әріптесіміз де бар. Ол Informburo.kz ақпарттық порталында шығарушы редактор қызметін атқарды. Дана небәрі 35 жаста еді. Ол Жаңа жыл мерекесін елордадағы ата-анасымен қарсы алмақ болып жолға шыққан екен.

Сондай-ақ Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы да Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапты. Генерал-майор Рүстем Қайдаровтың қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бірлестіктің мүшелері растады

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты

«Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Мерей Мұратханқызы, Марат Дихамбаев

Хабар 24 телеарнасы