424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

  • 582
  • UPD: 18:02, 27.12.2019
Ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Алматыдағы №4 клиникалық ауруханаға ұшақ апатынан зардап шеккен 19 жолаушы жеткізілгенін бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.

6 науқасқа операция жасалды. Бұл туралы аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова хабарлады. Олар жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр.

Ауруханаға жатқызылған азаматтардың туыстарына психологтар көмек көрсетуде. Олар үшін арнайы ақпарат тақтасы жасақталған. Онда ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтардың ауруханаға түскен кездегі жағдайы мен көрсетілген медициналық көмек толық жазылған.

Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрі ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын өзі жеке назарға алғанын хабарлады. Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті.

Айман Байзолданова, №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің м. а.:

- Таңғы сағат 08:00-ден бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11-і реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқас мерт болды. Қалған 6 адамға операция жасалып, қазір бөлімшелерге жеткізілді. Политравма, өйткені тек қана бір жарақат емес, мидың шайқалуы, қол-аяқтары сынған. Сондай өте ауыр жағдайда жеткізілген науқастар.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Естеріңізге сала кетейік, ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. 

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Хабар 24 телеарнасы