435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апатынан қаза тапқан қостанайлық А.Нұрбековтің інісі: Жаңа жылды бірге қарсы алмақ болғанбыз

  • 510
  • UPD: 21:55, 28.12.2019

Алматыда болған ұшақ апатының соң Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департментінде шұғыл штаб құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның құрамына дағдарыс орталығының мамандары мен психологтар енген. Соңғы тәулік ішінде штабқа 18 қоңырау шалынған. Көбісі апатта қаза тапқандардың, зардап шеккендер арасында туыс-туғандары, жақын-таныстары бар-жоғын білуге асыққан.

Төтенше жағдайлар департаментіндегі шұғыл штабтың байланыс жүйесі соңғы тәулікте тыным тапқан жоқ. Бірі қайғылы оқиғаның анық-қанығын білігісі келсе, енді бірі жолаушылар тізімін талап етеді. Мұндағы мамандар олардың бәріне жағдайды байыппен түсіндіруге тырысады.

Амантай Жапарғалиев, облыстық ТЖД аға инспектор-психологы:

– Әңгіме барысында бұл оқиға адамдардың жан-дүниесіне қаншалықты әсер еткендігін аңғару қиын емес. Күйзеліп, көз жасына ерік бергендер көп болды. Сөзбен болса да, жан жарасын жеңілдетуге тырыстық.

Сол ұшақ апатынан Қостанай облысы Қызбел ауылының тумасы Абай Нұрбеков те қаза тапты. Ол әйелімен, 4 баласымен ауылдағы ата-анасы, бауырларымен жаңа жылды бірге қарсы алмақ болып, жолға шыққан еді. Бірақ тағдыр оған жеткізбеді. Орны толмас қасіретке душар болған марқұмның ағайын-бауырларының тез арада Алматыға жетуіне штаб мамандары барынша көмек-қолдау көрсетті.

Дәулет Төрежанов, облыстық ТЖД дағдарыс орталығы басқармасының басшысы:

– Біз Нұр-Сұлтан әуежайындағы штабпен хабарласып, Алматыға дейінгі билет мәселесін шештік. Барған тұста да көмек-қолдау көрсету жағын қарастырып қойдық. Балалардың қай ауруханада, қандай жағдайда екендігін анықтап, біліп отырдық. Жол бойында Абайдың бауыры Әділханмен үнемі байланыста болдық.

Абайдың інісі Әділханмен телефон арқылы жолда бара жатқан кезінде тілдестік.

Әділхан Нұрбеков, марқұмның інісі:

– Әке-шешеміз Қызбел ауылында тұрады. Жаңа жылды бәріміз сонда қарсы аламыз. Өзі қаза тапты. Балалары ауыр жағдайда жатыр.

Қабырғаны қайыстырған қайғылы оиға ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Қалың жұрт қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтып, тірі қалғандардың амандығын тілеп жатты.

Әсия Беркенова, халық ақыны:

– Қостанай, Торғай елі апатта мерт болғандардың отбасына көңіл айтады. Аман қалса да, жарақаты жанына батқан пенделер аман-есен сауығып кетсін. Келер жылы мұндай кенеттен келетін кеселден сақтасын.

Ал төтенше жағдайлар департаментіндегі шұғыл штабтың жұмысы әлі бір тәулікке жалғасады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы