375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда ата-аналар сырғанақтардың ыңғайсыз екеніне алаңдаулы

  • 85
  • UPD: 20:32, 07.01.2020

Көкшетауда он шақты жерде биік сырғанақтар орналасқан. Олардың әрқайсысына күніне жүздеген адам келеді. Көбі әрине балалар. Одан бөлек орталықта мұз қалашығы да бар. Ал бұл нысандар келушілер үшін қаншалықты қауіпсіз? Оларға кім жауапты?

Бұл қаланың орталық алаңындағы мұз қалашығы. Байқасақ мұнда бірнеше сырғанақ бар. Олардың біреуінде ғана баспалдағына кілем төселсе, қалғандары мұз күйінде тұр. Балаларын ойнатуға ертіп келген ата-аналар, сырғанақтар ыңғайсыздығын айтып, кішкентайлар үшін алаңдаулы.  

Ольга Гудожникова, қала тұрғыны:

- Міне біз жаңа ғана сырғанадық. Биіктігі қорқынышты емес. Баспалдағы өте тайғанақ екен.

Нина Евтина, қала тұрғыны:

- Сырғанақ үлкен, жақсы. Бірақ, өте ыңғайсыз. Әсіресе үстіңгі жағы қатты тайғанақ. Баспалдақтары да сондай. Құм төсеп қоюға болады ғой. 

Ал осы маңайда ойын-сауық құралдарын жалға беретіндердің айтуынша, бұл нысандардың қауіпсіздігін қадағалап жатқан арнайы мекеме жоқ. Жауапты деген мекемелер, маңайдың тек тазалығын ғана қамтамасыз етіп отырған көрінеді. 

Асхат Дүйсенбай, жеке кәсіпкер:

- Сыртын ыңғайлайды. Ішін тазалайды келіп сыпырып. Бірақ катоктарды ешкім тазалап жатқан жоқ. Біз өзіміз осы жерде тұрған жігіттер лом алып, күрек алып тазалап тұрамыз, балалар құламасын деп. Кеше сол барлық катоктарды тазалап шықтық. Үлкенін, кішкентайын. Горкалардың өзін, мұздарын, лестницаларын бәрін тазалап. 

Ал биіктігі 5 метрге жуықтайтын бұл сырғанақ, жекенің иелігінде. Көл жағасындағы жерді жалға алып, халыққа бірнеше ойын-сауық түрлерін ұсынып отыр. Келушілердің айтуынша, мұндағы сырғанақтың баспалдақтары ағаштан болған соң оған көтерілу қауіпсіз. Оған қоса кәсіпкерлік иесі де қауіпті жағдайларды болдырмауға тырысамыз дейді. 

Есенгелді Батырхан, жеке кәсіпкер:

- Бұл горкада қауіпсіздікті сақтау үшін үстінде бір адам тұрады. Ол кісі бірінен кейін бірін жібереді. Мына астына түскеннен кейінгі адамды күтіп, одан кейін келесі адамды жібереді. Біріне бірі соғылмасын деген мақсатпен ол. 

Осындай сырғанақтар қаланың он шақты жерінде бар. Түсірілім барысында олардың қауіпсіздігіне тікелей жауаптыларды таба алмадық. Әкімдік өкілдері де түсініктеме бермеді. Сондықтан, әркім өз қауіпсіздігіне өзі ғана жауапты демеске амал жоқ. Ал аталған қысқы ойын-сауық орындары іске қосылған бір айға жуық уақыттың ішінде 3 адам жарақаттанып, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы