426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басталғалы Түркістан облысында 93 мыңға жуық отбасы жәрдемақы алды

  • 1050
  • UPD: 22:17, 11.01.2020

Қаңтар айы басталғалы Түркістан облысында 93 мыңға жуық көп балалы отбасына жәрдемақы төленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

50 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілген.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жалпы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілі қай бағыттар бойынша жүзеге асады?

Биыл атаулы әлеуметтік көмек үш бағыт бойынша беріледі. Бірінші жәрдемақы барлық көп балалы отбасына төленеді. Былтырғыдай көп балалы отбасы, аз қамтылған отбасы деп бөлінбейді. Мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамай беріледі. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларының саны төрттен асса болды. Жәрдемақының мөлшері бала санына қарай өсіп отырады. Мәселен, 4 баласы бар отбасыға – 42496 теңге, 5 баласы бар отбасыға – 53127 теңге, ал 6 бар отбасыға – 63757 теңге және 7 баласы бар отбасыларға – 74388 теңге жәрдемақы төленуде.

Айта кетейік, 18 жастан асқан баласы орта және жоғарғы оқу орнында оқитын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек баласы 23 жасқа толғанға дейін беріледі.

Сағира Айтанаева, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

-Қаңтар айында 92761 азаматқа біз осы мемлекеттік жаңа әлеуметтік жәрдемақыны төледік. Енді мына ақпан айындағы есеп бойынша 95 мыңды қамтып отырмыз. Ол енді ақпан айында төленеді. Бұл жәрдемақылар Түркістан облысындағы көп балалы отбасыларға өте үлкен көмек болады деп айта аламын.

Екінші бағыт бойынша атаулы әлеуметтік көмек тек аз қамтылған және көп балалы отбасыларға төленеді. Ең басты шарт – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеп, отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін атаулы әлеуметтік көмек үстемақысыз шағын несие түрінде көрсетіліп, өз кәсібін ашуға көмектеседі. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырады.

Әсия Темірбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:

-Осы АӘК жүгінген азаматтардың ішіндегі еңбекке жарамды азаматтар болатын болса, міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Егер де бас тартқан болатын болса, барлық АӘК-тен айырылады. Бұл жерде ата-ананың отбасына деген жауапкершілігін күшейту мәселесін тұр. Екінші бала күтімімен отырған азаматтар баласы 7 жасқа толғанша жәрдемақы алады.

Үшінші бағыт бойынша аз қамтылған отбасылардың кәмелетке толмаған балаларына қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ұсынылады. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балаларға азық-түлік пен гигиеналық құралдар беріледі. Ал, мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылып, құрал-жабдықтар мен киім-кешектер үлестіріліп, жол ақысы өтеледі. Кепілдендірілген пакет заттай беріледі. Оны «Қазпошта» әр үйге жеткізіп береді.

Ұлан Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

-Бір қорап салынып, тағайындалған отбасыларға апарылады. Ол кісілер қол қойып алады. Сонда ертең тексеруге оңай болады. Тарату жүйесі реттеліп қойды. Бұған біз бақылау жасау үшін үкіметтік емес ұйымдарды да шақырамыз. Заттардың бәрі жетті ме, сапасы қандай? Мерзімі өтіп кетпеді ме? Балаларға арналған соң. Гигеналық пакеттер тоқсан сайын, азық-түлік ай сайын беріледі.

Жалпы әлеуметтік пакетті облыста 50 мыңға жуық аз қамтылған отбасы алады. Оған 35,6 млрд теңгеге қарастырылып отыр. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 110 мың отбасындағы 632 мың адамға 70 млрд 800 млн теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде 20 мың адам 700 млн теңгенің көмегін заңсыз алған. Ал биыл жауаптылар «мұндай кемшіліктерге жол бермейміз», деп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы