375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда апатты үйдің тұрғындары басқа баспанаға көшуге қарсы

  • 70
  • UPD: 21:22, 15.01.2020

Көкшетауда Вернадский көшесінде орналасқан 90 пәтерлі көп қабатты үй тағы да апатты деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ғимараттың қабырғасы жарылып, іргетасы отыра бастаған.

Алайда тұрғындарды бұдан да қатты алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол қолданыстағы заң бойынша үйлері апатты деп танылған жағдайда, онда тұратын отбасыларға тек жалдамалы баспана беріледі екен. Сондықтан тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр.

Бұл үйде 20 жыл бойы тұратын Валентина Бартосевич нысан қаншалықты қауіпті болса да, жалдамалы баспанаға көшпеймін дейді. Себебі заң бойынша ондай пәтерді жеке меншікке алу мүмкін емес.

Валентина Бартосевич, апатты үй тұрғыны:

– Бұл үйдегі пәтерлер қаншама миллионға сатып алынған. Сонда біз оны тастап, жалдамалы баспанаға көшуіміз керек пе? Бұл ертең мен өмірден өтсем, балаларым мен немерелерім далада қалады деген сөз.

Бұл үй өткен ғасырдың 70-жылдары бой көтерген. 20 жылдан кейін қабырғасы қақырай бастаған соң, алғаш рет 1995 жылы апатты деп танылады. Бірақ ғимаратты айнала темір сыммен тартып, іргетасын мықтап, қайтадан халықтың пайдалануына береді. Алайда бұл амалдар да көпке жарамады. Тұрғындардың айтуынша, 2017 жылы аталған үйге тағы да жартылай апатты деген қорытынды шыққан. Алайда мұны жергілікті билік пәтер иелеріне айтпаған екен.

Айгүл Әлжанова, апатты үй тұрғыны:

– Бұл ақпарат біздің қолымызға әрең түсті. Көрген бойда бірден фотоға түсіріп алдық. Онда былай делінген: «Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Вернадский көшесі №11 үйдің тұрғындарын көшіру мақсатында жаңа үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар жасалуы тиіс». Міне, 2017 жылы осы құжатта айтылғандар жүзеге асырылғанда, біз бүгінгідей жетімнің күйін кешпеуші едік».

Бұл жолы апатты деген хабарды осыдан бірнеше күн бұрын қала әкімінің орынбасары Сағындық Шабаров жеткізіп, заң бойынша тұрғындарға тек жалдамалы баспана бұйыратынын айтқан болатын. Халықтың наразылығынан қорықты ма, қала әкімінің өзі тұрғындармен шұғыл кездесу өткізді. Шаһар басшысының сөзіне сенсек, үй апатты деп танылғанымен, тұрғындарды көшірмеудің және нысанды сүрмеудің бірнеше жолы бар көрінеді. 

Амангелді Смайылов, қала әкімі:

– Біз бұл үйді әлі де бүге-шүгесіне дейін зерттейміз. Ал әрі қарай бірнеше шешімнің біріне тоқталуымыз мүмкін. Біріншісі, үйді толық апатты деп танып, оны бұзамыз. Екіншісі, егер үй жөндеуге келетін болса, тұрғындарды уақытша басқа жерге көшіре тұрамыз да, оны қалыпқа келтірумен айналысамыз. Ол үшін қосымша тағы сараптама жүргізу керек. Ал үшінші тағы бір нұсқа бар. Бірақ оны әлі де талқылау қажет.

Бірақ бұл сөзге де халық бірден көне қоймады. Себебі тұрғындар апатты үйдің жырынан әбден шаршаған.

Алайда шаһар басшысы бұл мәселені 3 аптаның ішінде біржақты қыламыз ден сендірді. Осылайша, бірнеше рет апатты деген атқа ие болған үйдің ендігі тағдыры алдағы уақыттың еншісіне қалып отыр. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы