425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батысқазақстандықтардың 11% ғана тұмауға қарсы екпені салдырған

  • 619
  • UPD: 12:11, 16.01.2020

Батыс Қазақстан облысында жедел респираторлы вирустық инфекцияның өршитін кезі әлі алда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, қаңтар айының соңына қарай тұмаудың таралу деңгейі шырқау шегіне жетпек. Ал, жұқпаға қарсы арнайы екпені өңір тұрғындарының тек 11%-і ғана салдырған.

Қыс маусымы басталғалы бері вирусты инфекция жұқтырған 8,5 мыңдай өңір тұрғыны дәрігерлер көмегіне жүгінген. Тұмауға шалдыққан 64 адамның 75%-і 14 жасқа дейінгі балалар. 

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Тұмау уақтылы ем алмаған жағдайда асқынуы мүмкін. Асқынудан әрі қарай ол өлім жағдайына да әкелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындардан сұрайтынымыз, егер де ЖРВЖ немесе тұмау белгілері, тамақ қызаруы, жөтел, дене температурасы, бас ауруы болған кезде үйде емделмей, міндетті түрде медициналық ұйымдарға жүгіну қажет.

Қалалық №2 емханаға қаралатын мың жарымдай тұрғын вирустық инфекцияға қарсы екпе салдырыпты. Олардың дені 1 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер. Медицина мамандары да тұмаудың таралуын тежейтін вакцинаны қабылдаудан бас тартпаған.

Серік Бекмұхамбетов, инфекционист:

- Соңғы уақытта бізге жедел респираторлық вирусты инфекциямен келіп жатқандар көп. Бізге тәулігіне кемінде 124 шақырту түседі. Соның тең жарымына жуығы балалар. Сондықтан екпені алмаған немесе алғысы келмейтіндер әдеттегі гигиеналық талаптарды қатаң сақтаса жетіп жатыр.

Суық тию мен жұқпалы дерттен сақтанудың жолдары сан алуан. Түрлі әдіс-амалдарды орнымен қолдансақ, сырқаттың бетін қайтаруға болады. «Ең бастысы, денсаулықты үздіксіз шыңдап отыру қажет», - дейді қала тұрғындары.

Айгүл Зағыпарова, қала тұрғыны:

- Жылы жүру керек. Жұқтырмау керек. Сақтанғанда енді әртүрлі мазьді немесе оксалинді жағып жүреміз.

Роза Чардакова, қала тұрғыны:

- Жыл он екі ай бойы шынығамын. Қыста мұзды ойып суық суға түсемін. 16 жыл болды, бас киімсіз жүремін. Менің ойымша, ағзаны осылай шыңдау арқылы аурудың алдын алуға болады.

Дәрігерлер сырқат балаларды мектеп пен балабақшаға жіберуге болмайтынын ескертеді. «Тұмаудың таралу қаупі күшейетін екінші кезең наурыз айының басына қарай келуі мүмкін», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы