376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда жолаушылар автобустары жаппай тексеріліп жатыр

  • 70
  • UPD: 20:34, 16.01.2020

Атырауда автобус атаулы жаппай тексеріліп жатыр. Былтыр шаһарда қоғамдық көліктің қатысуымен 6 жол апаты болған. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 20 жолаушы жарақат алды.

«Автобус» деп аталатын рейдтік шара кезінде жолаушы тасымалындағы қауіпсіздік, автобустардың техникалық жағдайы және көліктердің қоршаған ортаға келтіретін зияны тексеріледі.

Алғашқы автобусты тексерген экология департаментінің мамандары автокөліктен бөлінген зиянды газдың белгіленген мөлшерден артық екенін анықтады. Ал жүргізуші Сатыбалды Өтешқалиев экологтардың тапқан кемшіліктерімен келіспеді. 

Сатыбалды Өтешқалиев, автобус жүргізушісі:

- Менің кінәм жоқ оған. Қазір механиктер келеді, өздері жауап берсін. Оған бола ескерту ала алмаймын. Протоколға қол қоймаймын.

Бұл жолы тексерушілер автобус жүргізушісінің уәжіне тоқтады. Оған ескерту жасалды. Келесі жолы көлік ақауы қалпына келтірілмесе айыппұл төлеуге тура келеді. Оның көлемі 2 есептік көрсеткіш, яғни 5050 теңге. Қайталанса, айыппұл мөлшері бес есеге өседі. Жалпы, мұндай тексеру кешенді жүргізіледі. Былтыр 33 жүргізушіге ескерту беріліпті Эколог мамандардың пікірінше, мұнайлы өңірдегі әрбір сегізінші автокөліктің қоршаған ортаға келтіретін залалы белгіленген мөлшерге сай емес көрінеді. Соның салдарынан жалпы қоршаған ортаға тарайтын улы қалдықтың 80 проценті автокөліктердің еншісінде екен.

Әділбек Екпін, Экология департаменті зерттеу-сараптау бөлімінің бас маманы:

- Бензин мен газдің зиянын тексереміз. Көміртегі бойынша. Карбюратор 1200, зиянды газ бойынша 3,5 проценттен аспауы керек.

Бүгінгі тексеру шарасы кезінде тәртіп сақшылары жол жүру ережесін бұзған 27 автобус жүргізушісін анықтады. Оның көпшілігі ұсақ-түйек болғанымен жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылды. Себебі адам өміріне қауіп төндіретін жағдайға кешірім жоқ дейді полиция қызметкерлері.

Бауыржан Сәрсекенов, ПД ЖПБ аға инспекторы:

- Жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде ұялы телефонды қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау және де жылдамдықты асырғандары үшін.

Былтыр Атырауда автобустардың қатысуымен 6 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып 20 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Бұл шаралар осындай оқыс оқиғалардың алдын алуға арналған. Жолдағы тексеру шарасы 17 қаңтарға дейін жалғасады. Рейд барысында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізуішлер мен көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы