Ақмола облысында боран салдарынан қар құрсауында қалған 30 адам құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның төртеуі – бала. Эвакуациялық жұмыстар аймақтың барлық ауданында жүргізілген. Мәселен, Жақсы ауданында ауруханаға бара жатқан науқас әйел мінген көлік Моховое ауылының тұсында қарға батып қалады. 112 қызметіне хабарласқан оларды құтқарушылар аман-есен аудан орталығына жеткізді. Ал Щучинск қаласының тұсында 17 жолаушы жол ашылғанша жылыту бекетін паналаған. Ауа райын болжаушылар қолайсыз күн райы аймақта әлі бір-екі күн сақталады деп отыр.
Айта кетейік, бүгін көктайғақ пен боран салдарынан облыс орталығы мен бірнеше ауданда 9-сыныпқа дейінгі мектеп оқушыларына сабақ болмады.
Даниель Жұмажанов, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалы бөлімінің жетекшісі:
– Циклон мен фронттардың өтуіне байланысты Ақмола облысында Атлантика аумағынан келген жылы және ылғалды ауа массаларының өтуі сақталады. Бүгін күндіз және түнде желдің күшеюі облыс бойынша көп бөлігінде сақталады. Екпіні 23-28 метр секундқа дейін. Кей жерлерде көктайғақ, бұрқасын болады.