379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қыстың көзі қырауда қырық минут суда отырған елордалық рекорд орнатты

  • 267
  • UPD: 22:12, 19.01.2020

Қайырбек Аяшев бұған дейін де сақылдаған сары аязда көйлекшең жүріп, жұртты талай таңдай қақтырған еді. Бұл жолы да мамандардың ескертуіне қарамай тәуекел етіп Есілге түсті. Сөйтіп, ойықта тапжылмастан 40 минут отырды. 

Елімізде қақаған аязда суға түсіп, бойын сергітетіндер аз емес. Әсіресе қаңтардағы православ мерекесінде арнайы орындарға ағылатындар көбейеді. Елорданың өзінде жыл сайын осылай 30 мыңға жуық адам өзендегі ойыққа түседі екен. Биылғы көрсеткіш те алдыңғысынан асып түспесе, кем емесі анық. Дегенмен, жұрттың ықыласы Қайырбек Аяшев есімді азаматқа ауған. Ол суда тапжылмай отыру бойынша жаңа рекорд жасауға тәуекел етіпті. 

Әділбек Жиенбаев, фельдшер:

- Судың тепературасы 2-3 градус болып тұр. Бұндай жағдайда адам ағзасы 10-15 минутқа шыдайды. Егер одан асып кетсе өлім қаупін тудыруы мүмкін. 

Кейіпкеріміз дәрігердің де, құтқарушылардың да ескертуне мән берген жоқ. Өйткені ол өткен жылы дәл осылай 35 минут бойы мұздай суда отырып, елде рекорд орнатқан. Биыл да алған бетінен қайтпады.

Еркін Әлімжанов, жергілікті тұрғын:

- Судан шыққан кезде оны бірден жылы жерге кіргізуге болмайды. Арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан салқындау жерде 5-10 минуттай ұстау қажет. Артынан кішкене шай беріп, біртіндеп бойын жылыта бастаймыз. 

Ақыры Қайырбек Аяшев суда 40 минут бойы тапжылмастан отырып, жаңа рекорд тіркеді. Өкінішке орай, онымен тілдесудің сәті түспеді. Арнайы мамандар бірден денсаулығын тексеруге алып кетті. Қалай болғанда да осынша ұзақ суда отыру денсаулыққа қауіпті саналады. Тіпті кәсіпқой морждардың өзі 5 минуттан артық суға шомылмайды. 

Руслан Сатыбалдиев, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары:

- Арнайы дайындықсыз қыстың қақ ортасында суға түсе салуға болмайды. Мұның соңы сіңірдің тартылып, дененің жансыздануына әкелуі мүмкін. Жүрекке де үлкен салмақ түседі. Сондықтан кемінде 2-3 апталық дайындық қажет. Ал бір рет ғана түсудің денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп. 

Дегенмен, салқын суға түсудің де әдісін біліп, онымен кешенді түрде айналысса денсаулыққа шипасы мол дейді мамандар. Әсіресе қауіпті аурулардың алдын алуға көмектеседі. Айта кетейік, осындай салқын суда отыру бойынша әлемдік рекорд ресейлік Дмитрий Балабановқа тиесілі. Ол 2012 жылы өзендегі ойықта тапжылмастан 2 сағат бойы отырған. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы