376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орал қаласына қарасты кентте балабақша жетіспейді

  • 141
  • UPD: 11:43, 23.01.2020

Орал қаласына қарасты Круглоозерное кентінде 10 мыңдай тұрғын бар. Жайықтың жағасында, күре жолдың бойында орналасқан елді мекенде халық саны жыл санап өсіп келеді. Алайда мұнда бірде-бір балабақша жоқ.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында өткен жылы жергілікті инвестор бос ғимаратты жөндеуден өткізген. Бірақ билік басындағылар балабақшаны мемлекет меншігіне алуға асығар емес. 

Жергілікті кәсіпкер Бекболат Шканов құрылыспен айналысады. Мемлекеттік-жекеменшік бағдарламасы басталған кезде ол Круглоозерное кентіндегі бос ғимаратты сатып алыпты. Алған да бар қаржысын салған. Тиісті мекемелермен келісе отырып, толықтай жөндеп, жабдықтап, балабақша еткен.

Бекболат Шканов, кәсіпкер:

- Осы ауылға ГЧП бағдарламасымен «садик» керек деген, ғимарат дайын деген әңгіме қозғалды. Біздер сол кезде осы ғимараттың қожасы болғанбыз. Сондықтан бүкіл сметалық құжаттарды сараптамадан өткізіп, біздер жұмыстана бастадық. 180 млн теңгеге реконструкция жасалып, бүкіл жабдықтарымен 100  орындық балабақша қазір көргендей дайын болып тұр.

Үйдегі ойды түздегі нарық бұзады. Инвестордың бастағы көздегені дайын балабақшаны әкімдікке сату болатын. Бірақ билік басындағылар ғимаратты мемлекет меншігіне алуға асығар емес.

Бекболат Шканов, кәсіпкер:

- 8 жылға бөліп, мемлекетке де жеңіл бұл 8 жылға бөліп қайтарады. Қазіргі таңда біздерде ГЧП шарты құрылмай отыр. Неге десеңіз, біздің мақұлданған жобамызды облыстық бюджеттік комиссиясына және депутатардың алдына шығарылмай отыр. 

Инвестор балабақша құнын негізсіз қымбаттатып отыр. Уақытында құпталған жобаның жүзеге аспау себебін білім басқармасы осылайша түсіндіреді. Біз де есептеп көрдік. 315 миллион теңгені бөбекжайдың жалпы аумағы 900-ге бөлгенде әр шаршы метрі 350 мың теңгеден келеді екен. 

Айымгүл Тұржанова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда бұл балабақшаны сатып алу үшін бізге ұсыныс түсті. 315 млн теңге құрайды. Мұндай қаражат үкіметте жоқ болғандықтан біздер сол салған инвесторға немесе өзі жеке балабақша ашуға, немесе арендаторға беруге ұсыныс білдірдік.

Ал кәсіпкер балабақша ашып, мемлекеттік тапсырыс бойынша бала бағумен айналысқысы келмейді. Өйтсе, қаржының қайтарымы ұзаққа кетпек. Инвестор мен биліктің арасындағы даулы диалогтан бейхабар тұрғындар болса бөбекжайдың тезірек ашылғанын қалайды. 

Айнұр Манайханқызы, Круглоозерное кентінің тұрғыны:

- Көп балалы отбасы саналамыз. Үйде 4 балам бар, 3 қыз 1 баланы. Соны садикке беруге күтіп жүрміз.  Бұл садиктің ашылуын сұраймыз тезірек. 

Ақмарал Мырзахметова, Круглоозерное кентінің тұрғыны:

- Бес балам бар. Қазіргі кезде ауылымызда балабақша жоқ болғандықтан, үйде отырмын. Балабақша ашылса жақсы болар еді. Жұмысқа шығып, балаларымды берер едім. 

Круглоозерное кентінде мектеп ғимаратындағы балабақшада 30 бүлдіршін болса, шағын орталықта 50 бала тәлім алады. Ал 3 пен 5 жас аралығындағы 150 бөбек балабақша кезегіне тіркелген. Оларды ата-аналары  әр күн сайын 18 шақырым жердегі облыс орталығына тасуға мәжбүр. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы