377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» арнасының тілшісі Ресейде марапатқа ие болды

  • 153
  • UPD: 14:55, 29.01.2020

2020 жылы Ресейде классик жазушы Антон Чеховтың мерейтойы кеңінен аталып өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазушы драматургтың 160 жылдығына орай әдебиет саласы майталмандары үшін жүлде тағайындалды. Осы медальмен «Хабар 24» арнасының Бельгиядағы меншікті тілшісі Жанат Эрнст марапатталды.

Антон Чеховтың 160 жылдық мерейтойына естелік медальді Ресей жазушылар одағы тағайындады. Ресей азаматтарымен қатар, бұл жүлдемен халықтар арасында достықты нығайтуға ерекше үлес қосқан шетел азаматтары марапатталады. Сараптау комиссиясы тілшіміздің әдеби шығармалар мен өлеңдерін «Орыс поэзиясы антологиясында» жариялауды ұсынған болатын. Нәтижесінде еңбегі естелік медальмен бағаланды.

Жанат Эрнст, ақын:

- Бұл мен үшін үлкен абырой және үлкен қуаныш, өте маңызды, өйткені биыл Ресейде Антон Павлович Чеховтың 160-қа толған мерейтойын өткізіп жатса, біздің елімізде ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлағалы отырмыз. Олар бір уақытта, бір кезде, бір дәуірде мәңгілікке қалатын шығармаларын жазып, бізге мұраларын қалдырған еді.

Мәскеу университетінің оқытушысы Марина Князева көптомды Антологияны түрлі мәдениеттерді біріктіруге арналған бірегей халықаралық жоба деп атайды. Ал өзім ақын ретінде қазақ жерінде қалыптастым дейді.

Марина Князева, мәдениеттанушы:

– Сол жерде өлеңдерімді шығара бастап, өзімді ақын ретінде сезіндім. Ұлы далаға сүйіспеншілігім зор, өзімді дала тұрғыны деп санаймын. Орыстар мен қазақтар аралас тұрған ауылда өстім, үнемі бірге болдық. Жанатты осы марапатымен құттықтағаныма ризамын. Антологияда лайық орынға ие болғанның өзі, оның ақындық шеберлігін көрсетіп отыр, өйткені қатал іріктеуден өткен. Бұл жүлдені шынымен көрнекті жазушылар алды.

Ресей жазушылар одағының мәліметінше, осы ұйым атынан істейтін Стихи.ру және Проза.ру порталында шамамен миллион ақын мен жазушы өз шығармаларын жариялайды. Ал антологияға тек жүздеген автордың туындылары ғана кіреді.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы