431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қар құрсауында қалған елорда іргесіндегі елді мекендердің жағдайы қалай

  • 558
  • UPD: 21:17, 30.01.2020

Сарыарқада қар тоқтап, боран басылды.

Осыған байланысты елорда мен оның іргесіндегі елді мекендерді қардан тазарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арна тілшілері бүгін Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты бірнеше ауылды аралап, ондағы ахуалды біліп келді.

Бұл – Нұр-Сұлтан қаласынан таяқ тастам жердегі Талапкер ауылы. Елорданың іргесінде орналасқанымен, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарайды. Тұрғындарының жартысынан көбі елордаға қатынап істейді. Алайда боран басталғалы олар ауыл түгілі үйінен шыға алмай қалды.

БЛИЦ:

– Арасында жарықты өшірді. Көшелер әлі жабық. Ауыл шетіне жаяу шығып, таксиге отырамыз. Қатты боран болған күні олар бағаны көтерді. Қазір баяғы қалпына түсті. Түннен бері көшелерді тазартып жатыр. Көршілер де ақша жинап, өз көшемізді тазартып алдық.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Синоптиктердің мәліметінше, боран басталған алғаш күні-ақ аймаққа қардың бір айлық нормасы түсті. Табиғаттың тосын мінезіне жергілікті әкімдіктер де тұрғындар да дайын болмаған. Сондықтан ауыл қар құрсауында қалып, бір аптадай орталықпен байланыс тоқтады. Тек бүгін ғана негізгі жолдар ашылып, қоғамдық көлік қатынай бастайды.

Орынбай Қасымов, Талапкер ауылдық округінің әкімі:

– Маршрут жүретін ең үлкен көшені тазалатып жатырмыз. Барлық көшені тазалауымыз керек.

Биылғы қар шығару жұмыстарына Целиноград ауданының әкімдігінен 100 миллион теңге қарастырылған. Мамандар осы қаржыға қажетті техниканы жеке кәсіпкерлерден жалдап, ауылдарды 100 пайыз тазартамыз деп отыр. Бүгінде тек 10-15 проценті ғана шығарылған.

Әзірге Цилиноград ауданында көшелері ашылып, қатынас орнаған жалғыз ауыл – Қабанбай батыр ауылы. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын ұғынған тұрғындар боран басталған күннен-ақ әкімдікке қарап, қол қусырып отырмады. Ауылды тазалауға барлығы бір кісідей атсалысты. Соның арқасында қаламен қатынас та көп бөгелмеген.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы