431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде электрондық билет жүйесіне қатысты тұрғындар шағымы көбейді

  • 200
  • UPD: 13:22, 31.01.2020

Семейде 10 күннен бері қоғамдық көліктерде толығымен электрондық билет жүйесі енгізілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоспар бойынша бұл тасымалдаушыларға да, халыққа да тиімді жоба болуы тиіс еді. Алайда, көптеген тұрғындар өркениетке сай сапалы қызмет мінез танытып, елді әуреге салып жатқанын айтып шағымданып отыр. Бірінің төлем картасынан ақшасы жоғалса, екіншісі карталарды ауыстыруда қиындықтарға тап болған.

Семей қаласының тұрғыны Ғалия Оразбекованың отбасы мүшелері қоғамдық көлікпен жүреді. 4 адам күнделікті жұмысқа, мектепке автобустармен қатынайды. «Жолақысын төлеу элекрондық карталар арқылы жүргізіледі дегенде өркениет игілігін көреміз деп алғашында қуанғанымыз рас», дейді ол. Алайда, 10 күннің ішінде көптеген олқылықтар орын алғанын күйініп айтады. Бірінші мәселе – төлем карталарынан ақшаның беймәлім себеппен жоғалуы.

Ғалия Оразбекова, қала тұрғыны:

- 170 теңге балансыңызда бар деді, сол жерде базардан түсіп, 41-ге отырғанда ақша жеткіліксіз, 32 теңге дейді. Ешқайда барған жоқпыз, уақытпен тексергенде арасы 20 минут болды, ал бізге карточка бойынша ақпарат бергенде былай айтқан, 30-40 минут 2 автобус аралылығы болса, тегін болады. Осындай оқиғалар көп болды, мен өзім жеке басым автобус ішінде отырып, бір-екі адамға өз соткамнан ақша салып бердім. «Кеше салған мың теңгеден көп болса 200 теңге кеткен шығар», дейді, 800 теңге қалуы керек, картада ақша жеткіліксіз. Бір түнде ұйықтап, таңертең тұрса, ақша жоқ.

Көпшілікті толғандырып отырған келесі түйткіл – жоғалған карталарды ауыстыру. Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселе бойынша да жауапты компания өкілдері оларды машақатқа салып қойған.

Ғалия Оразбекова, қала тұрғыны:

- Дұрыстап істеп қою керек еді. Мүмкін, міне, карточка жоғалды ма звондаймыз, 3 күн телефон шалдық, ешкім алмайды. Бұл бірінші қателік, екіншіден, ақшаларын жоғалтып жатыр. Қалпына келтіру жарайды, ересектер ақша табармыз, бірақ балаларға бұрынғыдай 40 теңге қала берсін. Ең болмаса, бір процентін төлесін, 300 теңге болмаса да, 400 деген сұмдық қой, оның өзінде толтырады ақшасын, тосып отыру керек 2 жұма.

Бұл сұрақтар бойынша арнайы жиын өткізген қалалық жолаушылар көлігі бөлімі мен жауапты компания өкілдері «кемшіліктер барын мойындаймыз, бірақ «көш жүре түзеледі» деп ақталды.

Назым Жамболатова, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Электрондық билеттендіру жүйесі толығымен қоғамдық көлікте 20 қаңтардан енгізілгендіктен, бір айдың ішінде көреміз. Бізде қанша жолаушылар ағыны бар, одан түсетін табыс мөлшері қандай деген мәселелер қарастырылып, егер тасымалдаушылар «иә» деген келісімін берсе, онда бұл жүйені енгіземіз. Сондай бір маршруттан екінші маршрутқа тегін отыру, бір сағат жарты сағаттың ішінде енгізілетін болса, ол қосымша халыққа хабарланады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Соңғы 5 күннің ішінде ғана төлем картасынан ақшамыз жоғалды немесе жоғалған картаны ауыстыру уақыты тым созылып кетті деген мағынада мыңнан астам қала тұрғыны шағым түсірген. Алайда олардың мәселелерін дер кезінде шешуге Call орталықтың күші жетпеген. Өйткені онда екі-ақ оператор жұмыс істеп отыр. «Болашақта мамандардың санын көбейтіп, барлық мәселелерді түбегейлі шешеміз», деп уәде берді жауапты компания өкілдері.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы