448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке баулып отыр

  • 213
  • UPD: 22:01, 07.02.2020

Мемлекет пен бизнестің назарынан тыс қалатын кейбір мәселелерді әлеуметтік кәсіпкерлер шешуге кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әзірге олардың қатары көп емес. Қазақстан үшін әлеуметтік кәсіпкерлік жаңа тренд деп жүргендер бар. Мысалы, елордада ментальдық ауытқушылығы бар сырқаттарды қамқорлығына алған әлеуметтік кәсіпкер бар.

Әдетте, психикалық ауытқушылығы бар жандарды арнайы диспансерде емдеп, мамандандырылған интернатқа жатқызады. Ал бұл орталық оның біріне де ұқсамайды. Кәсіби тігінші Рауза Берденова осында тұратын әйелдерге іс тігуді үйретеді.

Рауза Берденова, нұсқаушы:

– Осы міне, қуыршақтарды тігеді. Кішкене демалады. Өзіне ұнайды. Қиып қиып беремін, өзі тігеді. Қолмен тігеді, киіндіреді. Бұл кісілер сумка тігеді, бәрін жасайды. Отырған орындарын жуып, тазалап кетеді. Бәрін өздері істейді.

Ал дайын қуыршақтарды балалар үйіне жөнелтеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтың құрылтайшысы Бибісара Бейсенбаева оңай кәсіп таңдамаған. «Қаржы табу өз алдына, қайырымдылықты да ұмытпадым», – дейді. Ақыл-есі кем жандардың жағдайын жасағысы келіп, осы жобаны қолға алған. 8 жылдан бері тынымсыз еңбек етеді. Ең бастысы, Бибісараның бастамасын билік қолдай бастаған. Мемлекеттік тапсырысқа қаржы беріп, үкіметтік емес ұйым ретінде грант бөлген. Себебі түсінікті. Мемлекеттік интернаттарда дәл осындай жағдайдың жоғы рас. Тіпті, демеушілердің көмегімен Ресейден арнайы кереуеттер алдырған.

Бибісара Бейсенбаева, «Адал ниет Астана» орталығының құрылтайшысы:

– Көбінде мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөліп, оларды емдеу – сауықтыру шараларынан өткізіп жатамыз. Ал жасы біразға келіп қалған, 50-60-тағы жандар ондай қамқорлықтан тыс қалады. Сондықтан, біз ментальды ауытқушылығы бар ересек жандармен жұмыс істейміз деп шештік. Бұл жерде түрлі цех бар. Тігін цехы, кондитерлік цех, басқа да шеберханалар жұмыс істеп тұр. Орталық тұрғындары белгілі бір кәсіп түрін меңгеріп, еңбекпен айналысады. Бұл оларға ұнайды.

Орталықтағы жиһаздарды, аспалы шамдар мен өзге де дүниелерді тұрғындардың өздері жасаған. Жазда бау-бақша егіп, қысқы азықтарын жинап алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – еңбекпен емдеу терапиясы. Қол қусырып отырғандары аз. Мұнда 120 адам тұрады. Біразынан туыстары бас тартқан. Дауна синдромы, шизофрения диагнозы қойылған жандардың тілін табу оңай емес. Байқағанымыз, орталық ұжымы қиындықты еңсере білген.

Орталықтың әлеуметтік әріптестері бар. Бірнеше кәсіпкер цех ашуға көмек берген. Есесіне, мүмкіндігі шектеулі жандар кәсіппен айналысып отыр. Шеберханалар тапсырыс алып, экосөмкелер, футболкалар шығара бастаған.

Еңбектен бос уақыттарында демалу үшін де бар жағдай жасалған. Монша, бассейн, тренажер залы жұмыс істеп тұр. Түсінгеніміз, әлеуметтік кәсіпкердің миссиясы коммерциялық мүддеден биік. Табыс тапқанның өзінде де, жүздеген кемтар жанға қамқор бола алады. Мысалы, бұл орталық қызметкерлері айына 5-6 адамның жерлеу рәсімін де өткізеді. Себебі, олар ешкімге керек болмай қалған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы