435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев Қордай оқиғасы жөніндегі үкіметтік комиссияны басқара береді

  • 244
  • UPD: 09:49, 11.02.2020
Бердібек Сапарбаев Қордай оқиғасы жөніндегі үкіметтік комиссияны басқара береді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы оқиға салдарын қою жөніндегі үкіметтік комиссияны басқара береді. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, осы қайғылы оқиға кезінде 10 дам қаза тауып, 178 адам зардап шекті. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарға, азаматтардың дүние-мүлкіне зақым келтірілді. Осы күндері Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Қордай ауданында оқиға салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия жұмыс істеді. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бердібек Мәшбекұлы үкіметтік комиссияны одан ары басқаратын болады», - деп атап өтті Үкімет отырысында премьер-министр.

Осыдан кейін Жамбыл облысының әкімі осы күндері атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

«Қазіргі таңда жалпы Жамбыл облысының Қордай ауданда жағдай тұрақты. Барлық құқық қорғау органдарының көмегімен жергілікті әкімдіктер жұмыс істеп жатыр. Жалпы өткен 5 күннің ішінде дәрігерлік көмекке 141 адам жүгінді. Оның ішінде 19-ы полиция қызметкерлері. өкінішке орай 10 адам қайтыс болды. Көз жұмғандардың отбасыларына жерілікті демеушілердің, әкімдіктердің тарапынан көмек көрсетілді. Комиссия мүшелері қаза тапқан барлық азаматтың отбасыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айтты. Барлық шараларына қатыстық. Қазіргі таңда Қордай ауданыдық ауруханасында 13, Алматы қаласында 25 адам дәрігерлік көмек алып жатыр. Қырғызстанда болған 9 адамды Алматы мен Таразға қайтардық», - деді Бердібек Сапарбаев.

Оның атап өтуінше, Қордайға Алматыдан 10 мықты дәрігерлер шақырылған.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.

Хабар 24 телеарнасы