445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда күрелмеген қардан қозғалыс күрмелді

  • 179
  • UPD: 17:05, 14.02.2020

Петропавлда қалың қар тұрғындарды әбігерге салуда. Ақ ұлпа уақтылы күрелмегендіктен жүріп тұру қиындаған. Уақтылы тазаланбаған жолдар көктайғаққа айналып жатыр. Ал қала тазалығына жауапты бірнеше компанияға өз жұмысын тиісті деңгейде атқармай отыр. Өз ісіне немқұрайлы қарағандарға айыппұл салынды.

БЛИЦ:

- Везде видите бугорки. И гололед. Аварии постоянно.

- В этом году вообще сильно тяжело ездит. Я не знаю. Может быть не успевают убирать снег. 

Барлық жүргізушілердің пікірі бір. Жолдағы қарды автогрейдермен қырмаған соң, ақ ұлпа әбден тапталып көлік жүретін жері ойылып қалған. Салдарынан күні кеше 23-ші бағытқа қатынайтын қоғамдық көлік жолдың қарсы бағытына шығып кетті. Абырой болғанда жолаушылар дін аман.  

- Здесь вообще развернула машины. Колея страшенная.

Өткен аптада жауған қалың қардан соң қалада қозғалыс қиындады. Себебі жолдар мұзға айналған. 

Биғайша Жүсіпова, қала тұрғыны:

- 20 минуттың ішінде үйден мектепке жететін едік. Қазір жоқ дегенде бір сағат жүріп барамыз. Балам бірнеше мәрте сабағына кешігіп қалды. Тым болмаса жолдарға жақсылап құм сепсе деймін. 

Шаһарда көктайғаққа қарсы шаралармен екі мекеме айналысады. Техниканың аздығы болса керек, құм себу жұмыстары кейде қолмен жүргізіледі. 

Мына кадрды жергілікті тұрғындардың бірі түсіріп алып, интернетке жүктеген. Коммуналдық қызметшілердің осындай салғырттығынан адамдардың тайып жығылу фактілері көбейді. Жарақат алғандардың көбі балалар. 

Шыңғыс Нұрғалиев, облыстық балалар ауруханасының травматолог-ортопеді:

- Күніне 60-қа жуық бала біздің көмегімізге жүгінеді. Дені көктайғаққа байланысты, көшеде жарақат алып жатқандар. Сондықтан асықпай абай болу керектігін ескертеміз.

Биыл облыс орталығындағы жолдарды күтіп ұстауға 600 миллион теңге бөлінді. Қала тазалығына 14 компания жауапты. Алайда кейбіреулері өз жұмысына немқұрайлы қараған.

Дулат Шәріпов, қалалық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

 - Бүгінде 5 кәсіпорынға 7 хаттама толтырылып, оларға айыппұл салынды. Тағы екі мекемемен келісімшарт бұзылды. Себебі біз олардың мүлде қар шығарумен айналыспағандығын анықтадық. 

Көктемгі су тасқынын алдын алу үшін ақпанның 25-інен кейін коммуналдық қызметшілер күшейтілген жұмыс кестесіне көшеді. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Қазіргі таңда Петропавл қаласында қар шығару жұмыстарына күніне 100-ге жуық техника шығады екен. Ал олар әлі күнге дейін 360-тан астам көшені тазартып үлгермей жатыр. Жалпы коммуналдық қызметшілер қыс басталғалы бері облыс орталығынан 500 мың текше метрден астам ақ ұлпаны сыртқа шығарған. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы