377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейден 185 мың текше метр қар шығарылды

  • 31
  • UPD: 17:01, 14.02.2020

Семейдегі коммуналдық қызмет өкілдері мен құтқарушылар биылғы қысты ерекше есте сақтайтын болды. Мамандардың айтуынша, қаңтар айының өзінде 3 айлық қар көлемі жауыпты. Төтенше жағдайлар басқармасы да күні-түні қоңыраудың астында қалды. Боранның кесірінен республикалық, облыстық маңызы бар жолдар да жиі жабылды. Қазір тәулік бойы қала көшелерінен қар шығару жұмыстары жүріп жатыр. Күн жылынғанша, тау болып үйілген ақ ұлпаны тазалап үлгеру керек.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Қала көшелерінен дәл қазірдің өзінде 185 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш. Алайда жер үйлердің маңайында әлі күнге адам бойынан асатын тау болып үйілген қарлар жатыр. Күн бірден жылып кететін болса, олардың жағдайы не болатыны белгісіз. Дегенмен, құтқарушылар мен арнайы мамандар оған дайындықты қазірдің өзінде бастап кеткен. 

Биыл көшелерді қысқы мезгілде күтіп баптауға жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлініпті. Алайда бұл қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін, өйткені жұмыс ауқымы көптігін айтады коммуналдық қызмет өкілдері. 

Ерікқали Жұманов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бүгінде қала бойынша 60 техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Орталық көшелермен қатар шет жақтағы шағынаудандар да назардан тыс қалмайды. Әсіресе көктем келсе су астында қалуы мүмкін деген аумақтар анықталып, сол жақтарға күш салып жатырмыз. 

Қаңтар айы қарлы болса, ақпан ақтүтек бораннан көз ашпады. Құтқарушыларға жолда қалғандар көбінесе түнде хабарласады. Жолдардың жабық екенін біле тұра сапарға шығып кететіндер де аз емес дейді төтеншеліктер.

Думан Икенов, қалалық ТЖБ аға офицері:

- 15 құтқару жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 53 адам құтқарылып, 293 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ 43 техника қар қойнауынан сүйреп шығарылды. Қазіргі таңда көктем мезгіліне байланысты Семей қаласы бойынша әрдайым бақылау жасалып, қар көп жиналған жерлерде судың деңгейін, мұздың қалыңдығын тексеру жұмыстары жүріп отыр. 

Ауа райын болжаушылар ақпан айының екінші жартысы да қарлы, боранды болатынын ескертіп отыр. Ал Семейде осы айдың соңында «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық жаттығулар өткізілмекші. Басты мақсат – су тасқынының алдын алып, әртүрлі құрылым арасындағы іс-қимылдарды ширату. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы