431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкіметте электрондық сауданы дамыту мәселелері қаралды

  • 180
  • UPD: 10:47, 18.02.2020
Үкіметте электрондық сауданы дамыту мәселелері қаралды

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, пошта инфрақұрылымының жай-күйі туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С.Сәрсенов, цифрлық кеңістікте жағдай жасау туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев баяндады.

Қазақстанның электрондық сауда нарығы 2019 жылы 1,8 есеге артып, 700 млрд теңгеден асты. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауда үлесі 2018 жылғы 2,9%-дан 2019 жылы 3,7%-ға дейін өсті. Қазақстандық интернет-дүкендердегі сатып алу көлемі 422 млрд теңгені, халықаралық интернет-алаңдарда 280 млрд теңгені құрады. Аса танымал тауарлар –  аксессуарлар мен техника (35%), косметика (30%), үйге арналған тауарлар (15%), киім және аяқ киім (10%).

2019 жылы Қазақстанда 3,2 млн белсенді онлайн-сатып алушы тіркелді (2018 жылы 2,3 млн адам). Елімізде 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді, оның ішінде табыс салығын төлеуден босату түрінде салық жеңілдіктерін алу үшін барлығы 579 интернет-дүкен тіркелген.

2019 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн теңгені құрады (2018 жылы 6,4 трлн тг). Өсім сауда POS-терминалдары инфрақұрылымының дамуымен, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay-дің шығуымен, банктердің бонустар мен кэшбектер арқылы клиенттерді ынталандыруымен, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемді белсенді пайдаланумен байланысты.

2019 жылы электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Электронды сауда арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты $5 млн жетті. АХҚО-да тіркелген Wildberries халықаралық компаниясының платформасында 21 қазақстандық компания ЕАЭО елдерінде 594 тауар түрін сатады. Таяу келешекте өткізу аумағы ЕО елдеріне кеңейеді.

«Е-коммерцияның қарқынды дамуына байланысты жаңа мамандықтар ашылып жатыр, жұмыс орындарының саны өсуде. Сондықтан Қазақстанның ірі қалаларында е-commerce орталықтарының базасында оқытуды кеңейту керек», - деді А.Мамин.

Үкімет басшысы бір апта мерзім ішінде өткен жылы қабылданған Электрондық коммерцияны дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасын жандандыруды тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы