432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Депортацияланған халықтардың ұрпақтары: Қазақ халқына алғыс айту – парызымыз

  • 867
  • UPD: 21:29, 29.02.2020

Ертең Алғыс айту күні.

Ал қазақ халқы өзгені өзекке теппеген. Дархан еліміз өз жұртынан айырылып, туған жерінен жыраққа кеткен талай ұлт өкілдеріне пана бола білді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Депортацияға ұшыраған халықтардың ұрпақтары бір үзім нанымен бөліскен қазақтың бауырмалдығын ұмытқан емес. Жамбыл облысы Байзақ ауданында тұратын Кабировтар отбасының да айтар алғысы шексіз.

Ерлі зайыпты Саяра мен Эльбрус – Кабировтар осы әулеттің үлкендері. Жастары ұлғайғанына қарамастан,  көмек көрсетуге асығып тұрады. Қайырымдылықты олар ата-аналарынан үйренген. Бір ғасыр бұрын олар Қызыл Жұлдыз ауылына қоныстанған. Эльбрус атаның жасы бүгінде сексеннен асқан. Барлық ұлттар тату-тәтті өмір сүріп, еңбек еткенін мақтанышпен еске алады. 

Эльбрус Кабиров, Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны:

– Осы қазақ халқының жеріне небір халық көшіп келді. Қазақ халқының арқасында отбасы болып, өмір сүріп отырмыз. 

Байзақ ауданында қазір Кабировтар әулетінің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр. Олар – дәрігер, инженер, педагог сынды әр саланың мамандары. Фаиль Кабиров – бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол Қазақстанда туып өскенін мақтан етеді. Бұл отбасында татардан басқа қазақ, башқұрт,орыс және ұйғыр ұлтының өкілдері бар. Көп ұлттан тұратын шаңырақ иелері барлық этнос өкілдерінің дәстүріне құрметпен қарайды. Әсіресе қазақ пен татардың ас мәзірінсіз бір де бір мерекенің сәні келмейді.

Бұл отбасының мүшелері қазақ, орыс, татар және өзбек тілін жетік меңгерген. Ең бастысы өзара түсіністік пен көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды басты ұстанып етіп алған.

Фаиль Кабиров, Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғыны:

– Көп ұлттар тұрған. Мектепте де балкарлар болды, түріктер, әзербайжандар, қарашайлар оқыды. Бәрімен сыныптас болдық. Арамызда тек қана жақсылық болды.

Қазақстан халқы Ассмамблеясының аймақтық филиалында тұрғындар бір-біріне көмек көрсетуге әркез дайын екенін жеткізді. Бүгінгі таңда этномәдени бірлестіктермен 10 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың басым бөлігі қайырымдылық шараларына арналған.

Кенжебай Өмірбеков, облыс әкімі аппаратының қоғамдық келісім коммуналдық ММ әдістемелік бөлімінің маманы:

– 2019 жылы қайырымдылық акциясында 6700 отбасына 270 миллион теңгенің көлемінде қайырымдылық шаралары жасалынды. Жамбыл облысының 10 ауданында қайырымдылық шаралары өтті. Тұрмысы төмен отбасыларына және де көп балалы отбасыларына қайырымдылық шаралары жасалды.

Өңірде 87 этнос өкілдері тұрады. Олардың бәрі де елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауға өздерінің үлестерін қосып келеді. Алғыс айту күніне арналған мерекелік бағдарламалар облыс аумағында өтіп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев,Руслан Ахатілла

Хабар 24 телеарнасы