448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID 2019: Израильде мыңдаған адам жұмыссыз қалды

  • 105
  • UPD: 11:35, 17.03.2020

Израильде елді оқшауландыру және коронавируспен күрес бойынша қосымша шаралар қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет шекараларды жауып, төтенше жағдай жариялауға дайындалып отыр. Осыған байланысты елге келушілерден тәуелді экономика салалары зардап шекті.

Әлемдегі ахуалдан әсіресе туризм саласы көп шығынға ұшырап отыр. Әуе қатынасы тоқтап, елге саяхатшылар келмейтін болды. Осының салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Көктем маусымында жұмысы қызатын гидтер де биыл табысынан қағылды. 

Борис Воловик, гид:

– Халық бір жарым ай бойы саяхат жасаудан аулақ, тіпті әуежайға барудан қорқады. Өткен жылдары көктем маусымында гидтер айына 20 күннен аса жұмыс істейтін.

Медициналық туризм де тұралап қалды. Аурухана иесі Марк жұмысына тек қызметкерлеріне өтемақы құжаттарын толтыру үшін барады. Жалақылардың бір бөлігін ұлттық сақтандыру институты төлейтін болды. Ал мұнда ем алып жүрген науқастардың алдағы жағдайы қалай болары белгісіз. 

Марк Кацнельсон, Израиль медициналық туризм қауымдастығының төрағасы:

– Олар үш айда немесе жарты жылда бір рет келетін. Әдетте бұл – қатерлі ісікке немесе ауыр созылмалы ауруларға шалдыққан науқастар. Олар мұнда жоспарланған зерттеулерге немесе емге келетін. Сапасына сенімді болғандықтан, осында дәрі сатып алатын. Қазір болса келуге мүмкіндіктері жоқ.

Медициналық туризмдегі қалыптасқан бұл жағдайдың тағы бір себебі, вирус өршіген жағдайда ауруханаларда орын бос тұруы керек. Әзірше Израильде бұл дертті 200-ден аса адам жұқтырған. Билік індетке байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ бұл үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. 10-нан астам адам жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынды. Карантин тәртібін бұзғандарға 1200 еуро мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Олардың жүріс-тұрысын телефондарын бақылау арқылы арнайы қызметтер аңдиды. Әскери базалардың түгелі оқшауландырылып, демалысқа шығуға тыйым салынды. Қарулы күштер дала госпитальдерін орнатып, вируспен ауырғандарды қабылдауға дайын. Осылайша ел төтенше жағдайды енгізуге дайындалып жатыр.

Авторлары: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы