411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылдады

  • 236
  • UPD: 16:33, 17.03.2020

Үкімет дағдарысқа қарсы жедел шаралар топтамасын бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеті бағыттан тұратын құжатта шағын және орта бизнесті барынша қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет кәсіпкерлерге біраз жеңілдік жасады.

Қазіргі жағдайда кім-кімге де оңай болмайын деп тұр. «Үкімет қандай шаралар қабылдар екен» деп халықтың алаңдап отырғаны да рас. Әсіресе, бизнесі тоқтап, жұмыс уақыты қысқаратындар қайтпек? Үкімет отырысында осының бәрі айтылды.

Дер кезінде іске асса, біраз жеңілдік жасалды. Алдымен несиесі көп халықтың жағдайы ескерілді. Кәсіпкерлердің кредит төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Тұтынушылық несиесі бар жеке тұлғалар да 90 күннен аса төлемді кешіктірсе де, айыппұл салынбайды. Несие алушы 12 айдың ішінде алған ақшасының 50 процентін өтесе несие тарихы бұзылмауы тиіс.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Отандық өнімдерді одан әрі көбейту және ұлттық экономиканың импортқа тәуелділігін азайту мақсатында қазақстандық өндірушілерді қосымша қолдау шаралары қабылданады. Ішкі нарықты молықтыру және өндірісті ынталандыру үшін ұлттық экономиканы кредиттеу көлемі айтарлықтай ұлғайтылады. Төтенше жағдай кезінде төлемдерін кешіктіру бойынша қарыз алушыларға айыппұл есептелмейтін болады. Банктер кәсіпкерлерге төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек.

Отандық өнім өндірушілерді қолдау керек. Қандай жеңілдік жасалды десек. Ірі сауда орталықтары, кинотеатрлар, театрлар мен көрмелер, спорт нысандарының иелері бір жылға дейін мүлік салығынан босатылады. Сондай-ақ бір тоқсанға дейін өсімпұл есептелмейді. Ал 7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жерге салынатын салықтан босатылмақ. Сондай-ақ бизнесті тексеру азаяды. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлердің көбі қазірдің өзінде жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Оның ішінде, туристік агенттіктер шығынға батуы мүмкін. 6000 агенттікте 80 мың адам еңбек етсе, олардың 90 проценті – әйел адам. Сәуірдің аяғына дейін жоспарланған саяхаттар тоқтатылды. 13 мың шетелдік турист келмейтін болды.

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

– «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын синхрондау шеңберінде кәсіпкерлер үшін теңгелік қаржыландыруға қолжетімділікті көтеру көзделетін болады. Біріншіден, несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін 400 млрд теңгеге ұлғаятын болады. Қаражат ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге берілетін болады.

Еңбек нарығындағы тұрақтылыққа да қауіп бар. Сөз емес, нақты істің кезеңі бұл. Үкімет «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетін толық пайдаланамыз деп отыр. Биыл 735 мың адам осы бағдарламаға қатысады. Республикалық және жергілікті бюджеттерден 123 млрд теңге жұмсалады. Алдымен тұрмысы төмен жандарға қолдау жасалады. Егер қосымша қаржы бөлінсе, тағы 46 мың адамға жұмыс беруге болады екен. Ал жаңа жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінеді. Өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде 120 мың жұмыс орыны құрылуы тиіс.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі:

– Жасалған жаңа жұмыспен қамту жол картасы инфрақұрылымдық жобаларға негізгі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына азаматтарды тартуға мүмкіндік береді. Және халыққа керекті елді мекендердегі ең күрделі сұрақтарды шешуге бағытталған.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына еңбекпен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар алынуы қажет. Жұмысшылар жалақысы 85 мың теңгеден кем болмауы тиіс. «Тиіс», «керек», «қажет» деген сөздер жиі айтылды. Ең бастысы, жергілікті жерлерде осы жұмыстарды толығымен орындау міндеті тұр. Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты министрліктерге тапсырмалар берді. Нақты мерзім бекітіп, жедел орындалуын талап етті.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы