435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Нығматулин: Заң жобасына қатысты ескертулер мен ұсыныстарды барынша ескеруге тырысамыз

  • 78
  • UPD: 20:31, 17.03.2020
Н.Нығматулин: Заң жобасына қатысты ескертулер мен ұсыныстарды барынша ескеруге тырысамыз

Қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірталастарға негіз болған бейбіт жиын өткізуге қатысты заң жобасы бүгін Мәжілісте талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған жиынға Мәжіліс төрағасы, министрлер, депутаттар, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

3,5 сағатқа созылған жиында заң жобасының бірнеше тармағы талқыланды. Әсіресе, құжаттың жиналыс орнын белгілеуге қатысты тұсына қарата көптеген пікір айтылды. Қатысушылардың бірі шектеу керек десе, енді бірі бұл мәселені ұйымдастырушылардың өзіне қалдыруды ұсынды.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

Екі сағаттан астам талқылау болып жатыр. Аймақтар да тікелей эфир арқылы қосылып отыр. Бұл жерде тек біздің ғана жұмысымыз болмау керек. Бізге қоғамның қолдауы керек.

Бұдан бөлек, жиында митинг кезіндегі журналистердің жұмыс істеу тәртібі де көтерілді. Жиналғандардың көбі «заң жобасында ақпарат құралдары туралы норма болмауы керек» деген ұстанымда. Сондай-ақ жиын ұйымдастыруға өтініш беру, оның қаралу мерзімі де талқыға түсті. Бұл ретте халықаралық тәжірибе де ескерілді. Айтпақшы, Мәжілістегі пікірталасқа шетелдік мамандар да қатысты.

Дьердь Сабо, ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы:

- Бұл заң жобасы төңірегіндегі пікірталастардың белсенді жүріп жатқаны ұнады. Көптеген пікірлер айтылып жатыр, себебі бұл мәселеге қоғам назар аударып отыр. Сондай-ақ халықаралық стандарттар жөнінде де көп айтылып жатыр.

Зәуреш Батталова, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті

Әр адам өз позициясын айта алды. Бір емес, бірнеше рет. Және сол позициялар жұмысқа алынды. Кей кезде дөңгелек үстелде айтылып қалады да, жұмыс тобына жетпейді. Бүгін сценограмма арқылы бұл жұмыс тобына тапсырма берілді.

Жиын бас қалада өтсе де, пікірталасқа еліміздің тоғыз аймағы бейнебайланыс арқылы қосылып, ондағы азаматтар өз ойларын ортаға салды.

Евгений Жовтис, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры:

Мұндай диалогтың болғаны жақсы. Парламент те соңғы жылдары ашық жұмыс істей бастады, оған жұмыс топтарына азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың енуі дәлел. Сондықтан осы тектес дөңгелек үстелдердің маңызы зор. Басты мақсат – азаматтардың мүддесін қорғайтын, оларға бейбіт жиын өткізуге мүмкіндік беретін заң қабылдау.

Асылбек Қожахметов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» бірлестігінің президенті:

- Біріншіден, жиынды Мәжіліс төрағасының өзі өткізді. Екіншіден, жиын демократиялық сипатта өтті. Министрлер сөз алып, өз позицияларын қорғады. Қарсы тараптар да өз көзқарасын білдіріп отырды. Егер осындай шаралар жиі өтсе, халық үніне құлақ асатын мемлекетке жақындаймыз. Бүгін шын мәнінде диалог болды.

Бүгінгі жиында заң жобасына қатысты сан түрлі ұсыныс айтылды. Осыған назар аударған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тиімді, пайдалы заң қабылдауда пікір алуандығының маңызын атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгін өте пайдалы әңгіме болды. Көпшіліктің те пікірі осыған саяды деп ойлаймын. Әрине, заң жобасының кей сұрақтары әлі де пікірталас тудырып отыр. Бұл – қалыпты жағдай. Оларға қатысты ұсыныстардың барлығы мұқият талдалып, талқыланады. Азаматтық қоғаммен бірлесіп, заң жобасына қарата айтылған ескертулер мен ұсыныстарды барынша ескеруге тырысамыз.

Мәжіліс төрағасы рұқсат етілмеген жиындарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушыларға қолданылатын шараларды бөліп қарастыруды ұсынды. Жалпы осы және өзге де бағыттарды жұмыс тобы алдағы жиындарда талқылайды.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Есбол Жәмшитов

Хабар 24 телеарнасы