427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында мал азығы тапшы  

  • 423
  • UPD: 09:00, 26.03.2020

Қостанай облысында өткен жылғы қуаңшылық салдарынан шаруалар мал азығының тапшылығын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі сауынды сиырлар ұстайтын ірі фермалардың жем-шөп қоры да қыс аяғына жетпей қалды. Мемлекет оларға қаржылай қолдау көрсетіп, 378 миллион тенге қаржы бөлді. Осындай көкөзек кезде шөптің бағасы да шарықтап кетті.

Былайғы жұрт коронавируспен әбігерге түсіп жатқан кезде, ауылдағы ағайынды мазалайтын басқа да мәселелер аз емес. Мысалы, Әулиекөл ауданындағы бірқатар елді мекенді су басу қаупі бар. Алдағы көктемгі егістің де шаруасы қым-қуат. Одан басқа төрт түлікке күндері қараған тұрғындардың мал азығы таусылуға таяу.

Алексей Жаппасов, Әулиекөл кентінің тұрғыны:

– Қалған шөп бір жеті, он күнге ғана жетеді. 900, 1000 теңгеге дейін бір үйім шөп,оның өзін іздеу керек, таптырмайды.

Алексей қорасындағы бір-екі бас жылқы, үш-төрт ірі қара, он шақты бас қойына азықты барынша там-тұмдап береді. Осыншама түлік күніне 2-3 орам шөпті талғажау етеді. Мұндай жағдай өңірдегі көптеген ауылға тән.

Абай Нұржанов, Әулиекөл аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

– Үкімет біздің ауданға 51 миллион теңге қаржы бөлді. Соған шаруа қожалықтары шөп, азық сатып алды. Жеке тұрғындар енді сатып алады. Шөптің тоннасы қазір 30 мың теңге болады.

Сауынды сиырлар ұстайтын ірі шаруашылықтардың да жем-шөбі қыс аяғы біте бастады. Мемлекет қолдауы болмағанда, олардың жағдайы мүшкіл еді. Үкімет облыстағы бес жүзге жуық шаруашылыққа мал азығына деп қомақты қаржы бөлді.

Асылан Молдашов, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы:

– Әсіресе, біздің облысымыздың солтүстік аудандары көп зардап шекті. Соған байланысты үкімет қаулысымен Қостанай облысында көп зардап шеккен 8 ауданға 878 миллион қаражат бөлінген болатын. Мал азығын өзіміздің солтүстік аудандардан, Ресейден, басқа облыстардан әкелгендер болды.    

Мал ауызы көкке іліккенше, кемі бір ай уақыт бар. Сала мамандары қолдағы бар қор оған жетуге тиіс деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы