399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Д.Абаев: Қазір шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандар саны өсуде

  • 195
  • UPD: 20:04, 28.03.2020

 

Қазір елімізде вирус жұқтырғандардың саны 200-ден асса, 1899 адам стационарлық, тағы 3 жарым мыңнан астамы үй карантинінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Көңілді күпті қылатыны коронавирустың таралуы үдеп барады. Ауру жұқтырғандардың арасында шетелге шықпағандардың да қарасы көбейген. Өткен түні елде 40-тан астам ауру тіркелді. Осы орайда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев халықты кезекті рет сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырды. Себебі кейде ауру белгілері айқын білінбейді. Ал адам тек инфекцияны таратушы болуы мүмкін.

Қауіпсіздік күшейтілгенмен аурудың таралуына тосқауыл қою қиындап барады. Вируспен күрестің ең тиімді жолы – карантин. Сондықтан министр Дәурен Абаев, қазақстандықтарды жұмысты, үйді, бизнесті ойламай үйде отыруға шақырды. Ал осы кезеңде жұмысқа шықпай, табысынан айрылғандарға әлеуметтік көмек беру үшін шамамен 200 миллиард теңге бөлінеді.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Ауру кез келген жерде жұғуы мүмкін. Қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, кезекте тұрғанда. Алайда көп адамдардың бұл ескертуге салғырт қарайтынын көріп отырмыз. Мысалы, кеше бір күннің өзінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылған. Оның 74 қамауға алынды. Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан ағайын, өзімізді жақындарымызды ойлайық.  

Төтенше жағдай кезінде халықты күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етуге ерекше ден қойылды.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алуға 14 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал аурумен күресіп жатқан дәрігерлер мен полицейлерге қорғаныш құралдарын алу үшін 21,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, салыққа қатысты өзгерістер де енгізілді.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Қазір салық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау тоқтатылды. Салық декларациясын тапсыру мерзімі 31наурыздан 30 сәуірге дейін ұзартылды. Мемлекет коронавируспен күресуге қажетті барлық шараны жасайды, бірақ бірінші кезекті әр адам өзін-өзі, өз отбасын сақтауы керек. Сол себепті үйде болайық.

Министр бұл кезеңде интернет үзілмейді деп сендірді. Карантин уақытында берешегі бар абоненттерді байланыстан ажыратпау тапсырылған. Ал операторлар жұртшылық жақындарымен хабарласу үшін кейбір байланыс тетіктерін тегін пайдалануға мүмкіндік бермек.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы