413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 90 блокпост жұмыс істейді

  • 175
  • UPD: 12:50, 01.04.2020

Батыс Қазақстан облысында да карантиндік режимге байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді.

Мақсат – қатерлі індеттің таралуын тежеу. Карантин кезінде өңірдегі барлық қала мен аудан және ауыл елді мекендерде тұрғындардың жүріп-тұруы шектеледі. Сол мақсатта қазір аймақта 90 блокпост жасақталып жұмысқа кіріскен.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Мен қазір дәл тоғыз жолдың торабы саналатын тұстағы блок-бекеттердің бірінде тұрмын. Дәлірек айтар болсам, жолдың бұл бөлігімен облыстың бірнеше ауданына және көршілес Атырау облысына шығуға болады. Дегенмен бүгін түнде енгізілген карантинге байланысты қазір қос тарапқа қатынайтын көліктердің бәрі тоқтатылып, тексерістен өткізіліп жатыр. Барлық блокпостарда жергілікті полиция, эпидемиолог мамандар мен  атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істейді. Жүргізушілер мен көліктегі жолаушылардың дене қызуын өлшеу үшін шатыр тігілген. Санитар мамандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Карантиндік режим кезіндегі блокпостардан өткізу жүйесінің тәртібі облыстың бас мемлекеттік санитарының қаулысымен бекітілген.

Тағы да қайталап өтейін, облыс аумағында осындай 90 блокпост жасақталған. Соның негізгілерін айтар болсақ, 8-і қала аумағында қойылды. 8-і шекарадағы Атырау мен Ақтөбе облыстары және Ресей Федерациясымен шекаралас жерлерге қойылған.

Бастысы, бұл қабылданған шаралардың барлығы адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында жүзеге асуда. «Сондықтан уақытша қиындықты еңсеруде өзара түсіністік танытуға міндеттіміз» деген мамандар пікіріне алып-қосарымыз жоқ.

Хабар 24 телеарнасы