426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте ТЖ кезінде зейнеткерлердің зейнетақысы үйіне жеткізіледі

  • 497
  • UPD: 00:09, 03.04.2020

Төтенше жағдай кезеңінде шымкенттік зейнеткерлердің зейнетақысы үйіне жеткізіліп беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы «Қазпошта» АҚ филилалының директоры Бақытжан Ысқақ баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Бұл қызметті жасы 65-тен асқан азаматтар пайдалана алады. Ал «Халық банкі» зейнеткерлерге арнап ақша алатын карталардың санын ұлғайтпақ. Ең бастысы банк пен поштаның алдына келіп адам шоғырын ұлғайту қажет емес дейді мамандар.

Шымкентте төтенше жағдай кезеңінде де халыққа зейнетақы мен жәрдемақылар уақытылы беріледі деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов. Оған алаңдауға негіз жоқ. Тұрғындардың банк пен пошта бөлімшелерінің алдына жиналуына болмайды. Ара қашықтық сақталуы қажет. Сосын медициналық бетперде кию де маңызды әрі міндетті.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

– Зейнетақы алатын кісілер осы жағдайда сабырмен қараса. Ол ақша бітпейді. Ақша жеткілікті. Жеткілікті мөлшерде бар. Ол ертең, арғы күні, тіпті сәуір айының кез келген күнінде келсеңіз де, ол ақша бола береді.

Бұл уақытта «Халық банкінің» маңайы айдың бірінші күнінен тұтынушыға толы болатын. Мұнда келетіндердің дені – зейнеткерлер. Банк бөлімшелері азаматтарды ара қашықтықты сақтай отырып, кезек-кезегімен қабылдап жатыр. Тіпті 100-ге жуық ерікті банк қызметкерлеріне көмек көрсетіп жүр. Келушілер арнайы залалсыздандыру құралдарын пайдаланып, бетперде киген.

Айжан Досымбекова, «Халық банкі» ШФ директорының орынбасары:

– Қазір келіп жатқан зейнетақы алушыларға осыдан былай карточкаға өтуді ұсынып жатырмыз. Қала бойынша 170-тің үстінде банкомат жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, көмек ретінде колл-орталық күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 

Шымкентте жалпы 130 мыңнан астам азамат зейнетақы алады. Ал соның 40 мыңы ақшасын кассалардан алғанды жөн көреді екен. Бейнетінің зейнетін көріп отырғандарға «Қазпошта» мекемесі зейнетақыны үйіне жеткізіп беруді қолға алмақ. Бұл қызметті жасы 65 тен асқан кез келген азамат пайдалана алады. Ол үшін пошта бөлімшелерінің байланыс телефондарына хабарласып, өтінім қалдыруы қажет. Шаһардағы поштаның 35 бөлімшесі санитарлық талаптарды сақтай отырып, штаттық кестеде жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы