428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде індет етек алып кетпес үшін сақтық шаралары күшейтілді

  • 381
  • UPD: 14:50, 05.04.2020

Еліміздің шығысындағы жұрт шектеу шараларына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде блок-бекеттердің қойылғанына бірнеше күн болды. Осы уақытқа дейін Семей және Өскемен қалаларына кіріп-шыққан 20 мыңға жуық азамат тексерілді. Полиция қызметкерлері әзірге тұрғындарға бұл шара жайлы толық түсіндіріп жатырмыз дейді. Тек қала сырты ғана емес, ішіндегі көлік ағыны да азайды. Өйткені демалыс және мереке күндері жеке көлікпен қатынауға тыйым салынды.

Қала ішінде бұрын соңды осындай тыныштық орнамаған. Әдетте демалыс күндері қым-қуыт тірлік басталатын шаһар көшелері бос. Тек арнайы рұқсатнамасы бар немесе азық түлік тасымалымен айналысып жүрген автокөліктер ғана көрінеді.  Аялдама маңында да қаптаған жұрт жоқ. Өйткені карантиндік шектеу талабына сай, демалыс күндері жеке көлікпен қатынауға болмайды. Қаладан ауданға шығатын бағыттарда да көлік ағыны байқалмады.Әрбір өткізу пункті темірдей тәртіппен жұмыс істейді. Қорғаныс қызметі, полиция қызметі, медициналық мамандар, арнайы жасақ жұмысы жұмылдырылған.

Дәрігерлер көлік жүргізушілеріне  бетперде тағып жүрулерін ескертіп, сақтық шараларының қаншалықты маңызды екендігін насихаттап жүр.

Жанна Қалиекперова, медициналық қызметкер:

– Жұмыс істеу мына жерде ауыр, машиналардың бәрінен тексереміз жағдайларын, қай жаққа бара жатыр, маскаларын тексереміз, бәрін сұраймыз, анкеталарын толтырамыз.

Өз тарапынан тұрғындар да жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытып жатыр. Өйткені тек осындай шешімдер арқылы ғана қауіпті індеттің бетін қайтаруға болады дейді олар.

Өткізу пунктеріндегі мамандар тобы 12 сағатта бір ауысып отырады. Олар 3 уақыт ыстық тамақты да осы бекет басында ішеді. Ең бастысы, әрбір қызметкер бетперде, қорғаныш костюмдері сынды медициналық бұйымдармен толық қамтылған.

Ернар Базаров, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

– Тағы да айта кетсек, бұл пунктердің бәрінде бейнебақылау орналасқан. Бұл бейнебақылаулар онлайн режимде Өскемен қаласында орналасқан аухалдық орталыққа шығарылған.

Айта кету керек, облыстағы карантиндік шектеулерде  өлке тірлігіне қажетті аса маңызды қызметтер тоқтамайды. Азық-түлік және дәрі-дәрмек гигиеналық заттар тасымалына ешқандай тосқауыл жоқ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы