399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының диқандары ерте піскен көкөністерін сата алмай отыр

  • 187
  • UPD: 23:52, 06.04.2020

Елдегі төтенше жағдайға байланысты экспортқа да шығара алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ішкі нарыққа қажеті  60 мың тонна, ал қалған 250 мың тонна көкөністі шетелге шығаруы тиіс болатын.

Еліміздің басқа аймақтарына қарағанда оңтүстіктің табиғаты қолайлы. Сондықтан мұнда көкөніс дақылдары ерте піседі. Қазір өңір диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімін жинап жатыр. Жылыжайларда қызанақ пен қиярда самсап тұр. Бірақ қайда өткізетіндерін білмейді. Себебі елдегі төтенше жағдайға байланысты экспортқа шығара алмайды. 310 мың тонна дайын өнімнің ішкі нарыққа 60 мың тоннасы ғана қажет. Қалған 250 мың тонна өнім шетелге шығарылуы тиіс болатын. Мейрамхана мен кафелер жұмысының тоқтауына байланысты өнімді дүкендер мен базарларға арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Бұл несиесі бар шаруаларды да шығынға батыруда.

Тұрғанбек Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Елімізде болып жатқан төтенше жағдайларға байланысты ерте пісетін қырыққабат, қияр, қызанақ сияқты көкөніс дақылдарын экспортқа шығаруға 22 наурызда шектеу қойылған болатын. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы дер кезінде Үкіметке ескертіп, енді міне, қуанышты хабар келді. Шектеу алынып, квота арқылы өткізетін болды. Берілген несиелерді 1 жылға мораторий ретінде создыруға рұқсат алып жатырмыз. 

Көктемнің әр күнін тиімді пайдалану үшін диқандар дала төсінде тынымсыз еңбек етіп жатыр. Қазір жер жырту жұмыстары толық аяқталып, тұқым себу науқаны жалғасуда. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 825 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Қалай болғанда да елдегі төтенше жағдай мен қауіпті індет ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге оңай тиіп тұрған жоқ.

Жандос Қалықұлов, диқан:

– Жұмыс істеткенде ара-қашықтықты сақтап, 5-6 метрден таңғы 9-дан кешкі 18-ге дейін жұмыс уақытысы. Маскамен,  олғаппен қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, әрекет жасап жатырмыз. Тағы да екі өнім алсақ деп жатырмыз. 

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайға байланысты өңір шаруаларымен кездесуінде қазіргідей қиын кезде шаруалар назардан тыс қалмайды. Көктемгі дала жұмыстары жалғаса береді деген болатын. Сондықтан диқандар қауіпсіздік шараларына барынша мән беріп, көктемгі дала жұмыстарын жалғастыруда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы