412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент пен Таразда қар жауып, тұрғындар әбігерге түсті

  • 226
  • UPD: 17:59, 09.04.2020

Шымкентте көктемнің орта тұсында қала аппақ қарға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түнімен толассыз жауған қардың тұрғындарды әбігерге салғаны анық. Шаһар көшелері таза болғанымен, талдар құлап жарық сөнді. Ең бастысы, адам шығыны жоқ дейді төтенше жағдайлар департаментіндегілер. Көршілес Жамбыл облысын да ақ ұлпа қар басты. Аймақта жеміс ағаштары гүлдеп түйін сала бастаған еді.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– Бұл уақытта Шымкентте ауа райы + 20 градустан жоғары болатын. Не дегенмен көктем мезгілі емес пе. Күн жылынып,  қала құшағы гүлге толатын. Ал түнімен жауған қардың салдары  ағаштың  құлауы, жарықтың сөнуімен тұрғындарды әбігерге салғаны анық.

Сәуірде жауған қар халыққа тәуір болмады. Жалпы, қалада 100-ге жуық ағаш құлаған.  Соның салдарынан 30-дан аса жеңіл автокөлік зардап шегіпті. Ауа райының бұлай құбылуынан қайтыс болған және зардап шеккен адам жоқ. Ал электр қуатынсыз қалған 8000 жуық абонентке қазір жарық берілуде дейді төтенше жағдайға жауапты мамандар.

Ерғали Бақаев, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

– Төтенше жағдайлар департаментінің 80-нен астам жеке құрамы техникасы мен сонымен қоса қалалық коммуналдық шаруашылық электр сетьтің қызметкерлері мен барлық жұмыстар жүргізілуде. 8 мың абонентте электр  желілері өшкен болатын . Қазіргі таңда оның 1500 қайтадан қосылды.  1-2 сағаттың көлемінде қалаға толық электр жарығын беруге, жұмысты істеп үлгереміз.  

Синоптиктер жауын-шашын туралы алдын ала дауылды ескерту жарияланғанын айтады. Қалада қазір жергілікті атқарушы органның апаттық қызметке жауаптылары  қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жамбыл облысының орталығы Таразды да ақ ұлпа қар басты. Аптаның басында күн ысып, ауа температурасы 22 градусқа дейін жеткен. Тіпті аймақта жеміс ағаштары гүлдеп түйін сала бастаған еді. Алайда екі күн бұрын басталған жаңбырдың соңы қарға ұласып, табиғат тосын мінез көрсетті.

Шынар Қашқынбек, қала тұрғыны:

– Тараз қаласында биыл өзі қар аз жауды. Осы сәуір айында жауғанына өте қуаныштымыз. Табиғат тазарып, ауа тазарып қалатын болды.

Жақсылық Досаев , қала тұрғыны:

– Қар жауа берсін. Мынау жерге ылғал түседі. Егін, шөп көбейеді.

Синоптиктердің мәліметінше, Тараз қаласына қалыңдығы 7, ал кейбір аудандарда 10 сантиметрге дейін қар жауған. Мамандар оған атлантикалық циклон әсер етті деп отыр. Таулы аймақтарда сынап бағанасы -5 градусқа дейін төмендейді. Тек 11 сәуірден бастап күн қайта жылып, күн көрінеді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Руслан Бақытбекұлы Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы