411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мұқтаж жандарға 500-ден астам пәтер үлестірілмек

  • 152
  • UPD: 08:48, 10.04.2020

Ақтөбеде биыл әлеуметтік тұрғыда әлсіз саналатын топ өкілдеріне 500-ден астам пәтер үлестірілуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үйлер көпбалалы отбасылары және мүмкіндігі шектеулі жандарға жалға беріледі. Жалпы өңірде бір миллион шаршы метрден астам баспана құрылысы жоспарланған.

Соңғы бірнеше жыл ішінде құрылыс қарқынды жүріп жатқан «Нұр Ақтөбе» ауданында тағы бір тоғыз қабатты баспана дайын болды. Мердігерлер тек күннің жылынып, жердің кебуін күтіп отыр. Ауласы абаттандырылғаннан кейін қолданысқа беріледі. 265 пәтердің барлығы әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне үлестірілуі тиіс. Дәл осындай тағы бір жалдамалы баспана жыл соңына дейін дайын болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты үзіліс жариялаған құрылысшылар алдағы аптада жұмысты жандандырамыз деп отыр.

Сапарғали Жұмағалиев, құрылыс учаскесінің басшысы:

– Бұл жерде қазір 70 адамдай жұмыс істеп жатыр. Карантинге байланысты жұмыс уақытын сәл қысқарттық. Таңертең тоғыздан, кешкі беске дейін. Материалдан мәселе жоқ. Бәрі осы Ақтөбенікі.

Қажетті материалдардың барлығының жергілікті өнім болуы құрылыс қарқынын бәсеңсітпеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қазір шаһарда екі бірдей шағынаудан бой көтеруде. Жалпы биыл екі мың жарымға жуық пәтер құрылыс жинақ жүйесі бойынша салынса, жеке компаниялар 1800-ден астамын қолданысқа беруді көздеген.   

Жамбыл Нұрбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы барлық қаржы көзінен 1 млн 21 мың шаршы метр баспана салынды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, 12,4 процентке артық. Ал биыл бұл көрсеткішті 1 млн 50 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.

Мұндай батыл жоспарды жүзеге асыруға барлық қаржы көзінен 214 миллиард 900 миллион теңге бөлу қарастырылған. Бір айта кететіні, соңғы жылдары аудандарда тоқтап қалған бұл жұмыс қайтадан жанданады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына арналған баспана Алға, Хромтау, Қарғалы аудандарында бой көтеруі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы