424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл бірлік мерекесі өзгеше форматта тойланады

  • 458
  • UPD: 21:13, 30.04.2020

Ертең Қазақстан халқының бірлігі күні, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әдетте орталық алаңдарда бар сән-салтанатымен өтетін мейрам биыл өзгеше форматта тойланады. Нақтыласақ, қазақ жерін мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысатын іс-шаралар онлайн режимде өтеді.

Ертең қазақ «көкішек» деп атайтын көкек айы аяқталып, «майішек» деп бағалайтын мамыр айы басталады. Өздеріңізге белгілі берекелі ай мерекелі күндерге толы. Соның алғашқысы достық пен татулықты ту еткен бірлік күні. Жыл сайын бұқара жиналып, бұл мейрамды ерекше ықыласпен тойлайтын. Бірақ биыл карантин режимінде атап өтуге мәжбүрміз.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қха депутаттық тобының жетекшісі:

– Биыл біз бұл мерекені өзгеше жағдайда атап өтеміз. Яғни, көшеде емес, көңілімізде өткіземіз. Бұл жөнінде Ассамблеяның жұмыс жоспары бар. Осыған орай бүкіл ел көлемінде ұзын саны 327 іс-шара өткізіледі. Әрине олардың барлығы қазіргі жағдайдың талабына сәйкес БАҚ -та әлеуметтік желілерде онлайн форматта өткізіледі. Ол күні біз тағы да Қазақстан халқының берік бірлігіне куә боламыз.

Бір шаңырақ астындағы түрлі ұлт пен ұлыстың салт дәстүрі мен әдет-ғұрпы биыл онлайн таныстырылады. Осы мақсатта әлеуметтік желілер арқылы түрлі жоба әзірленді. Әр ұлттың музыкалық аспабында ойнау және ас-мәзірін дайындау тәсілдерін үйрететін шеберлік сабақтар түсірілді. Бұдан бөлек елордада жыр орталығы ашылып, бейнесабақтар жариялай бастады.

Алмас Алматов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жырау:

– Әлемді алаңдатқан коронавируспен күресте қазақ халқының жұдырықтай жұмылғаны белгілі. Бірлікке бастайтын игі істен ассамблея мүшелері де тыс қалған жоқ. Біз-біргеміз акциясы аясында 300 мың адамға көмек көрсетті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы