432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 200-ге жуық азамат алимент төлеуден жалтарып жүр

  • 361
  • UPD: 15:42, 03.05.2020

Маңғыстау облысында 200-ге тарта әке перзенті алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға сот актілерін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылып жатыр. Бұл адамдар ел аумағынан белгілі бір мерзімге дейін шыға алмайды.

Қазіргі уақытта сот орындаушылардың қолында 9 мыңнан астам алимент өндіру құжаты бар. Оның 6 мыңдайы борышкерлер жалақысынан өтеліп жатыр. Қалған азаматтар ерікті түрде төлеуде.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Алты жастағы Мараттың балкон терезесінен көшеге қарап, әке жолын тосуы күнделікті әдетке айналды. Өзіне сыйлық әкелуге кеткен жақынының үйге қайтып оралмағанына екі жылға жуықтапты. Осы уақытта ол тұратын үй сыртында құрылыс жүріп, жаяу жүргінші жолы ғимарат алдына ауыстырылған. Соған қарамастан, бала назары үйреншікті бағыттан ажырамай келеді.

Айнұр осыдан үш жыл бұрын жолдасымен ажырасты. Үш балалы ана қазір жұмыссыз. Олардан бой тасалап жүрген әкенің қарызы 4 млн теңгеге жеткен. Сот үкімімен мәжбүрлі түрде төлеуге міндеттелсе де, әлі бір тиын да бермепті. Жақында мемлекеттен алған әлеуметтік төлемақысын азық-түлік алуға жұмсаған. Ендігі үміті жүрегі жомарт жандарда.

Айнұр, қала тұрғыны:

Төтенше жағдайға байланысты, міне, екі айдан кетті жұмыссызбын. Өзіміз үй жалдап тұрамыз. Әкелеріне хабарласып, көмек сұрасам, бір хабарласпайды. Алимент төлемейді. Ол Үкіметтен түскен 42500 бүгінгі таңда үш баламның еш қажетіне жетпейді. Балабақшамыз бар. Қосымша сабақтары бар дегендей. Осыған байланысты мен көмек сұраймын.

Сот орындаушылары жыл басынан бері 118 әкені әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Тағы 134 адамға қылмыстық іс қозғау жөнінде құқыққорғау органдарына ұсыныс беріпті. Борышкерлердің жүргізуші куәлігі уақытша жарамсыз. Мұнымен қоса, олардың ел аумағынан шығуына шектеу қойылған.

Дариға Кесікбаева, облыстық әділет департаментінің басшысы:

- Сот орындаушысының борышкерден алимент өндіре алмайтын кездері болады. Мәселен, ол азамат жұмыссыз болса. Тұрақты табыс көзінен айырылған немесе меншігінде ешқандай мүлкі жоқтығы да ескеріледі. Бұл ретте мамандарымыз оның жұмысқа тұруына қолдау көрсетеді. Мұндай шаралар облыс көлемінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Аймақтық әділет департаменті мамандарының үйлестіруімен былтыр жұмыспен қамту орталығы арқылы 69 борышкер тұрақты табыс көзін тауыпты. Биыл тағы жиырмаға тарта адам жұмыспен қамтылмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы