Алакөл демалыс аймағындағы Үржар кентіне үш қаладан рейстер ашылады
- 845
- UPD: 17:06, 05.05.2020

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төтенше жағдай аяқталғаннан кейін Алакөл демалыс аймағына барып-қайтуға қолайлы болуы үшін Үржар кентіне субсидияланған әлеуметтік маңызы бар рейстер ашуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы ведомство баспасөз қызметі хабарлайды.
Атап айтқанда:
- Нұр-Сұлтан қаласынан Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы мамырдан қазан айына дейін аптасына 6 және одан көп рейс орындайды. Оған 174,3 млн теңге бөлінеді. Бір жаққа тариф құны – 16 мың теңге.
- Алматыдан Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы мамырдан қазан айына дейін 4 және одан көп рейс орындайды. Оған 109,4 млн теңге бөлінеді. Бір жаққа тариф құны – 14 мың теңге.
- Өскеменнен Үржарға «Южное небо» әуе компаниясы жыл бойына аптасына 1 рейстен атқарады. Бөлінетін сома – 207,7 млн теңге. Тариф құны – 10 мың теңге.
«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына сәйкес биыл Үржар кентіндегі әуежайдың ұшу-қону жолағын және әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарын бастау жоспарланған. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен жобалық-бағалау құжаттамасын реттеу шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
