426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде бау-бақша ұжымдарына су жетпей жатыр

  • 342
  • UPD: 21:04, 06.05.2020

Ақтөбелік саяжайларға су жетпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Атап айтқанда, Бұтақ өзенінің жағасындағы бау-бақша ұжымдарына биылғы маусымда өнім ала алмау қаупі төніп тұр.

Себебі су арнасын кеңейтуге бағытталған құрылыс жұмыстарынан өзеннің деңгейі төмендеп кеткен. Ал бақшалардың жиектегі сорғылау құрылғылары құмға бітеліп барады.

Тұқым салуға кіріспес бұрын құдықтан су тартып, жылытып қою – Базаргүл Қаздаеваның күнделікті әдетіне айналған. Судың тапшылығынан тәжірибелі бағбан соңғы екі жыл бойы жарытып өнім алған емес. Ал биыл қияр, қызылша секілді өзге де көкөніс түрлерінен басқа құлпынай мен таңқурай түптерін егіп, өсіріп көрмек еді. Алайда судың жетіспеушілігі жоспарына кедергі туғызуда.

Базаргүл Қаздаева, бағбан:

– Сәтін салса, көгерер деп салып жатырмыз.  Күнде қолмен су құямыз. Қайдам енді, жеткергенше, жеткерерміз. Су керек. Еккенімізше ектік. Екпеген жеріміз міне, құрғап кетіп жатыр. Жылда мұндай болмайтын еді. Былтырдан бері судың азабын көріп жатырмыз.

Бақша суаруға судың жоқтығы Бұтақ өзенінің жағасындағы 7 ұжымға кіретін ондаған бағбандардың басты мәселесіне айналған. Барлығы да жуырда ғана саяжайға қатынауға рұқсат алып, жаппай егуге кіріскен еді. Алайда былтырғы мәселенің қайталанғанын білгенде көңілдері су сепкендей басылған. Өздерінің айтуынша, проблема өзен арнасын кеңейтуге бағытталған құрылыс жұмыстарынан пайда болды. Салдарынан жағада тұрған су сору құрылғылары құммен бітеліп қалды дейді. Енді әркім құдық қаздырып, жерасты суын қолдануға көшкен. Бірақ оның да мүмкіндігі аз боп тұр. Бірде молынан берсе, енді бірде тамшы су алу қиын екен. Сондықтан да, еккен егісті өсіру үшін бағбандар өзеннен шелектеп тасуға мәжбүр.

Саяжай иелерінің мәселесінен жергілікті билік өкілдері хабардар. Бірақ судың бақшаларға жетпеуін өзенде жүргізілген құрылыс жұмысы емес, табиғи құбылыспен байланыстырады. Айтуларынша, Бұтаққа биыл еріген қар суы аз келген. Әрі бұл сусыз отырған жалғыз бау-бақша ұжымы емес. Ал құмға көмілген сорғылау құрғыларының қашан тазартылатыны әзір белгісіз.

Хасен Юсупов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Былтыр біз өзенді тазарту барысында істеп жүрген мердігерлермен көмек көрсеткенбіз. Қазір ондай жұмыс тоқтап тұрғандықтан, ондай мүмкіндік жоқ. Одан біз бас тартып отырған жоқпыз. Бірақ та қазір істеп жатқан мердігер жоқ.

Ақтөбеде сегіз өзен арнасын кеңейтіп, табанын тазарту осыдан үш жыл бұрын көктемде саяжайларды су шайғаннан кейін басталған еді. Алайда қазір ол жобаның іске асырылуы тоқтап, түзетулер енгізіліп жатыр. Себебі қоғам белсенділері мен тұрғындар құрылыс жұмыстары кезінде Қызыл кітапқа енген өсімдік түрлері мен тал-теректердің аяусыз оталғанын айтып, дабыл қаққан болатын.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы