419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында адам өміріне араша түскен бес қызметкер марапатталды

  • 435
  • UPD: 21:47, 07.05.2020

Қарағанды облысында адам өміріне араша түскен 5 қызметкер ІІМ жоғары наградасымен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың бірі өз-өзіне қол салмақ болған жанды аман сақтап қалса, енді бірі өрттен құтқарды.

Өзгенің өмірі үшін арпалысып, қарулы қаскөйге қарсы тұрған батыр да осында. Олармен осы өңірдегі тілшіміз кездесіп, бастан кешкен сын сәттерін тыңдады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

- Жезқазған қаласының пробациялық қызмет инспекторы Гиа Баламаммедов жұмыстан қайтып келе жатып, балалы келіншекті маскүнемнің соққыға жыққанын көрген. Қысылтаяң сәтте әйелді арашалап қалғанымен, өзі пышақ жарақатын алды. Тек маскүнемді жығып, қолына кісен салғаны ғана есінде, көзін ашса, жансақтау бөлімінде жатыр екен. Пышақ кеуде тұсына кіріпті.

Гиа Баламаммедов, Жезқазған қалалық пробациялық қызметінің инспекторы:

- Бұл әрекетім ауыз толтырып айтардай ерлік емес деп есептеймін. Қызмет барысында немесе өзге уақытта болсын, бұл – кез келген полицейдің міндеті. Біз пагон тағып жүрміз ғой. Азаматтық борышқа адал болу керек.

Ұлттық ұланның әскери қызметкері Шыңғыс Қалижанов та отқа оранған үйден екі бірдей  қартты аман алып қалыпты. Жер үйлердің бірінде тұтанған өрт құрсауында қалған қос бірдей қарт сыртқа шыға алмай қалған. Осы кезде жас сарбаз көмекке ұмтылып, тіпті өртті өз бетінше сөндірмек болған.

Шыңғыс Қалижанов, ҚР Ұлттық ұланға қарасты 6505 Ә/Б сарбазы:

- Ойлануға уақыт болған жоқ. Өртті сөндіруге кірісіп кеттім. Өйткені жалын өршісе, арты қайғылы аяқталуы мүмкін еді ғой.

Осы ерліктерінен кейін қылмыстық-атқару жүйесінде 2 жылдан бері қызмет ететін Гиа Баламамедов «Ерлігі үшін» медаліне ие болса, Ұлттық ұлан сапында 9-шы жыл қызмет етіп келе жатқан Шыңғыс Қалижановқа «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі берілді. Бүгінде екеуі де өз қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулет, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы