399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батысқазақстандық азамат ауылда ат мектебін ашты

  • 90
  • UPD: 19:24, 10.05.2020

Жылқы – қазақтың жаны, жеті қазынаның бірі.

Батыс Қазақстандағы Бостандық ауылының тұрғыны Нұрлан Нұғманов осыны жасынан жадына жаттап алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бие байлап, қымыз сауған, тұлпар мініп, жүйрік баптаған атбегі қазір ата кәсіпке ауыл жастарын да баулып жүр. Ол ашқан үйірмеде ауыл балалары атқа мінуді үйреніп, жылқыны күтіп-баптаудың қыр-сырына қанығады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Батыс Қазақстан – аграрлы аймақ. Бүгінде өңірде қой-ешкі 1 млн 200, сиыр саны 600 мыңға жуықтаған. Ал, кекілін күн сүйіп, жалын жел тараған Қамбар ата тұқымы 190 мыңнан асыпты. Өкініштісі, осы түліктің қасиетін жете ұғынбай жүргеніміз. «Желіге құлын байлап, бие саууды айтпағанда, ауылда атқамінер азаматтар азайып барады», - дейді елдің естілері.

Нұрлыбек Хайруллин, Бәйтерек ауданының тұрғыны:

- Далада, желде, салқында жүргілері келмейді ешкім. Бұрын ауыл балалары атқа мініп, атқа таласып жүретін еді. Қазір атқа мінетін азаматтар, балалар азайып бара жатыр. Атқа мінетін бала жоқ қазір.

Бостандық ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұғмановты да осы жайт көптен толғандыратын. Жылқыны жанындай жақсы көретін азамат сол себепті былтыр ауылда ат мектебін ашты. Енді ауыл балалары бос уақытында осында келіп, ат баптаудың қыр-сырына қанығады. Сәйгүліктердің жем-суын беріп, еңбекке үйренеді.

Нұрлан Нұғманов, атбегі:

- Өздеріне бауыр бастырып, болашақта ат спортын дамытып, балаларымызға үйретіп, сондай ойымыз бар. Қазақтың жылқыға деген көзқарасы бөлек болады. Өзім атты жақсы көргесін, бәйге алсын, алмасын, тәуір көрген атымызды ұстаймыз, барымызша соны баптап салуға тырысамыз.

8-сынып оқушысы Бақтияр Тілеуғалиев ат десе ішкен асын жерге қоятын өреннің бірі. Бірнеше рет бәйге алған жеткіншек бос уақытында тұлпарларының қасынан табылады.

Бақтияр Тілеуғалиев, мектеп оқушысы:

- Өзімнің жақсы көретін нәрсем ғой. 3 рет шаптым. Тай сынақ болды, үш алдым. Көктеректе аламан бәйгеден екі алдым. Жәнібекте аламан бәйгеде 15 шақырым 1 алдым. Басында деген қамшыламайсың, аттардың артынан еріп отырасың. Сосын бітерде қамшылауға тура келеді.

Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Атбегі жылқыны жарату жайлы өз білгенін шәкірттерге талмай түсіндіреді. Айтуынша, таза қанды арғымақтар мен жергілікті биелерден туған қолтумалар бүгінде бәйгенің алдын бермей жүр. Осылайша, ол жаңа жылқы тұқымын шығармақ ниетте. 

Нұрлан Нұғманов, атбегі:

- Бабын келтіру өте қиын ғой, терін алу. Қандай тер шықты? Ащы тер шықты ма әлде «көбік тер» дейді, қазақ «балшық тер» дейді, «батпақ тер» дейді, тер бөлінеді ғой. Соны өте аңғарып, өте дәлдікпен алу керек. Білетін адам бірдей байқайды жүйрік атты. Көз жанарынан білінеді ғой қайратты аттар. Бас сүйегінен байқалады. Ал кеудесі кең болу керек. Сауыры тақтайдай дейді.

Еселі еңбегімен ауыл ажарын кіргізіп отырған азамат алдағы уақытта елді қымызбен қамтып, ат мектебін кеңейтпек. Жатырына шаппас тектілік, туған жерін жаңылмай тауып келер естілік жылқыға ғана тән. «Сондықтан арғымақты ардақтауымыз керек», - дейді ол.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы