417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда ертеңнен бастап автобустар жүреді

  • 172
  • UPD: 18:31, 11.05.2020
Петропавлда ертеңнен бастап автобустар жүреді

Петропавлда ертеңнен бастап қоғамдық көлік қозғалысы қалпына келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы бірқатар нысанды аралау барысында айтты.

Өңір басшысының айтуынша, шаһардағы барлық қоғамдық көліктің жұмысы қалпына келеді.

«Бір апта бойы жағдайды бақылауда ұстаймыз. Егер де инфекция жұқтырудың жаңа деректері анықталмаса, карантин шектеулерін аздап босаңсытамыз. Бұдан басқа саяжайға баратын автобустар әдеттегі жұмыс кестесіне көшеді. Яғни тұрғындар жолақысын өздері төлейді. Бір апта бұрын қалалықтарға саяжайға баруға рұқсат беріп, автобус парктеріне арнайы ақша бөлдік. Мұндай көмексіз тасымалдаушы компаниялардың жағдайы қиын болар еді. Қазір олардың барлығына жұмыс істеуге мүмкіндік береміз», - деді Құмар Ақсақалов.

Қоғамдық көліктің жүруіне рұқсат берілгенімен, тұрғындар сақтық шараларын естен шығармауы тиіс.

«Автобустар толық болмауы керек, жолаушылар тек отырып ғана жүре алады. Міндетті түрде салонда санитайзер, ал тұрғындарда маска болуы керек. Егер де тексеріс кезінде маскасыз жүрген жолаушы анықталса, автобус жүргізушісі жазаға тартылады. Сол себепті тұрғындардың барлығын қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын», - деді облыс әкімі.

Хабар 24 телеарнасы