411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда жалғызбасты әке шиеттей балаларымен пәтер жалдап тұрады

  • 148
  • UPD: 22:26, 15.05.2020

Петропавлдық Дмитрий Власенко 4 ұлымен бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйелі тастап кеткен. Балаларының алды 12, кенжесі бес жаста.

Дмитрий Власенко бүгін жұмыстан кешкі 8-де кете келді. Балаларын тамақтандырып, сабақтарын қарап, кенжесімен ойнап отыр. Төрт ұлдың әкесі де, анасы да өзі. Араларында бір-ақ адам жоқ...    

Дмитрий Власенко, қала тұрғыны:

– Қиын кезде мені тастап кетпеген отбасым тіреу болды. Ол – ұлдарым: Егор, Матвей, Константин мен Денис. Олар бәрін түсінеді. Мен жұмысқа кетсем, бір-біріне жауап береді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Дмитрий Власенконың үйі 2016 жылы ол жұмыста болған кезде жанып кетті. Әйелі мен 4 баласы аман қалды. Содан отағасы ағаштан осындай уақытша тұратын баспана салып алған. Бірақ келіншегінің көңілі аяқ астынан басқа біреуге жарасып, ажырасып кеткен.

Содан бері Дмитрий 4 ұлымен пәтер жалдап тұрады. Өзі супермаркетте жұмыс істейді. Тапқан табысын үй иесіне ұстатады. Қалғанына достары көмектеседі. Қазір оған Наурызжан деген жігіт келіп, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берді. Енді анасының құқығын айырып, көп балалы әке ретінде жәрдемақы алуына құжат жинап жатыр. Өйткені оны бұрынғы әйелі алып жүр.

Наурызжан Исмайылов, волонтер:

– Пәтерге коммуналдық шығынымен 70 мың теңге төлейді. Балалар қашықтан оқыған соң, ғаламтор қосылды. Ал айлығы 90 мың теңге. Сондықтан қалалық әкімдіктен уақытша баспана беруін сұраймыз.

Солтүстік Қазақстан облысының жеке сот орындаушылары арнайы қор құрып, әрқайсы жылына 50 мың теңгеден салып отырмақ. Қаржылай қолдау «көкек» әкелер мен аналардан ақша ала алмай отырған отбасыларға көрсетіледі.

Арман Құсанов, аймақтық жеке сот орындаушылар палатасы жетекшісінің орынбасары:

– Бұл қордың мақсаты – алимент алмайтын адамдарға қаржылай қолдау көрсеті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі жасалады. Балалар қиналмау керек.

Дмитрий ешкімге қол жайып, көмек сұраған емес. Ол – әке. Ол – еркек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

 

Хабар 24 телеарнасы